Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын айтып, Ата заңға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Жаңа Конституцияның жобасы жекелеген түзетулер енгізілген құжат емес. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – жаңа тарихи дәуірде мемлекеттің негіздерін түбегейлі қайта құру, қоғамдық сананы жаңғырту. Жаңа Конституция жобасына аса қажетті әрі озық нормалар енгізілген. Біз бәріміз бір ел болып ырыс-ынтымағымызды, береке-бірлігімізді сақтай отырып, эволюциялық, яғни табиғи жолмен дамып келеміз. Бұл – өте маңызды. Бұдан басқа жол жоқ. Жаңа Конституция Қазақстанды тың қарқынмен өркендетуге, әр азаматтың әлеуетін арттыруға жол ашады деп сенемін. Қалай десек те, Ата заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады», – деді Президент.
Мемлекет басшысы саяси реформалардың мәніне тоқталып, басқару жүйесінің түбегейлі өзгергенін атап өтті.
«Соңғы жылдардағы саяси реформаларға кеңінен қарасақ, Қазақстан суперпрезиденттік билік формасынан түбегейлі бас тартып, беделді әрі ықпалды Парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшкеніне көз жеткізуге болады. Ұсынылып отырған өзгерістер – осы үдерістің заңды жалғасы. Бұл мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру деген сөз. Ұсынылған түзетулер билік құзыреттерін қайта бөлуге, тежемелік және тепе-теңдік жүйесіндегі теңгерімді күшейтуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, барлық саяси институттардың тиімділігі мен орнықтылығын арттырады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Конституциялық комиссия жұмысының ауқымы мен ашықтығына ерекше тоқталды.
«Конституциялық комиссияның он отырысы өтті. Комиссия мүшелері түзетулердің аса көптігін ескере отырып, ортақ пайымға келді. Ата заңға жекелеген өзгеріс енгізу жеткіліксіз, қазіргі жағдайда жаңа Конституция қабылдаған жөн деген байлам жасалды. Қаңтар айында жаңа Конституцияның алғашқы нұсқасы жарияланды. Бұл бастама қоғамның айрықша назарын аударды. Азаматтар Конституция жобасының түрлі баптарын қызу талқылап жатыр. Қоғамның саяси мәдениеті мен белсенділігі артып келеді», – деді Мемлекет басшысы.
Экономикалық саясатқа қатысты Президент нақты талап қойды.
«Бізге бұрынғы өсімді қанағат тұтпайтын, қазіргі сын-қатерлерге жедел жауап беретін экономикалық саясат қажет. Басқаша айтқанда, бізге тұрақты өсім моделі керек. Мемлекет нарықтық экономиканың стратегиялық даму векторын нақты анықтауы тиіс. Қолда бар қаржы ресурстары экономикалық өсім әкелетін басты салаларға бағытталуы қажет. Мұндай тәсіл ұлттық табысты азаматтарға анағұрлым әділ бөлуге мүмкіндік береді. Үкіметтің негізгі міндеті – өнімділікті арттыру, технологиялық жаңару және адами капиталды дамыту», – деді Тоқаев.
Салық және бюджет саясаты бойынша Мемлекет басшысы қатаң ескерту жасады.
«Белгіленген көрсеткіштерге шамадан тыс салық салу арқылы жетуге болмайды. Бизнесті заңсыз немесе негізсіз қыспаққа алуға жол берілмейді. Бюджетті тиімді салықтық әкімшілендіру арқылы толықтыру қажет. Сондықтан салық жүйесін жаппай цифрландыруға шұғыл кіріскен жөн. Қаржы таңдаулыларға ғана берілетін тәжірибені тоқтату керек. Енді мұндай әрекеттер мемлекет мүддесіне қасақана қарсы іс деп бағаланады», – деді Президент.
Цифрландыру мен жасанды интеллект мәселесінде Мемлекет басшысы жауапкершілікті күшейтуді талап етті.
«Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект көмекші құрал болып қалмауы тиіс. Олар экономикалық дамудың басты арқауына айналуы керек. Цифрландыру арқылы артық шығынды қысқартуға болады. Бірақ барлық олқылықты цифрландырумен жаба салуға болмайды.
Жасанды интеллект – ұран емес, экономикалық идеологияның тірегі болуы тиіс. Үкімет нақты нәтиже беретін жобаларға ғана басымдық беруі қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кәсіпкерлік пен «Атамекен» палатасына қатысты Президент нақты тапсырма берді.
«Мемлекеттік қолдау сапаға бағытталуы тиіс. Шағын бизнесті ‘тірі қалу режимінен’ тұрақты өсімге көшіру қажет. Орта бизнеске қолдау көрсету арқылы дайын өнім нарығын кеңейту керек. Үкімет ‘Атамекен’ палатасымен бірге қолдау саясатын толық қайта жүктеуі тиіс. Кәсіпкерлер үшін бірыңғай цифрлық экожүйе құрылуы қажет. Әрбір кәсіпкер бұл жүйеге смартфон арқылы қол жеткізе алуы керек», – деді Мемлекет басшысы.
Қорытындысында Президент Үкімет пен барлық мемлекеттік органдарға жауапкершілікті еске салды.
«Алдымызда ауқымды, маңызды міндеттер тұр. Уақытты созуға болмайды. Батыл әрі тиімді шешімдер қабылдап, оларды жедел іске асыру қажет. Үкімет, орталық және жергілікті органдар өз жауапкершілігін толық сезінуі тиіс. Әр тапсырма уақтылы және сапалы орындалуы керек. Ең бастысы – елге нақты пайда әкелетін нәтиже болуы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
