Қазақ ұлты Конституцияда мемлекет құраушы ұлт ретінде бекітілуі тиіс — Марат Тоқашбаев

Қаракөз Амантай 09 февр. 2026 17:16

Ардагер журналист Марат Тоқашбаев Қазақстан Конституциясының преамбуласына өзгеріс енгізу қажеттігін айтты. Оның пікірінше, мемлекет құраушы қазақ халқының мәртебесі мен ұлттық мемлекеттілік қағидаты негізгі заңның аңдатпасында нақты көрініс табуы тиіс, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Біз, мемлекет құраушы қазақ халқы мен байырғы қазақ жерін мекен еткен түрлі ұлт өкілдері, біртұтас Қазақстан халқын құрап, өз елімізде барлық түрлі өкілдерінің азаматтық құқықтары мен теңдігін терең қорғалатын ұлттық мемлекетімізді нығайта отырып, деген сөз қосылуы тиіс”, — дейді ол.

Оның айтуынша, мұндай толықтыру мемлекет сипатының ұлттық екенін айқын көрсетеді.

Тоқашбаев бұл бастаманы 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Мемлекеттік егемендік туралы декларациямен байланыстырды. Ол Республика күні ретінде аталып өтетін бұл құжат Қазақстанның ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту бағытын айқындап бергенін атап өтті.

“Бұл мерекені атап өту кейінгі 2–3 жылда ғана қайта жанданды. Демек, мемлекет осы қадам арқылы Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны ұмытпағанын, оны есте сақтап, басшылыққа алатынын көрсетіп отыр”, - деп қосты ол.

Журналист декларацияның екінші бабында Қазақстан ұлттық мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған шаралар қабылдауға міндетті екені жазылғанын еске салды. Сонымен қатар, бұл құжат болашақта қабылданатын конституциялық актілерге негіз болады деген тұжырым барын атап өтті.

“Міне, менің ұсынысым осы арнадан туындап отыр”, - деді ол.

Марат Тоқашбаевтың пікірінше, ұсынылған өзгерістер тарихи құжаттағы қағидаларды жалғастырып, елдің конституциялық негізін нығайта түсуге мүмкіндік береді.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove