Жаңа жылдан бастап бензин қымбаттайды

Көркем Алдабергенова 25 нояб. 2025 13:16

Энергетика министрлігі жаңа жылдан бастап бензин қымбаттауы мүмкін екенін жоққа шығармады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің сөзінше, бензиннің АИ-95 және АИ-98 маркалары қымбаттауы мүмкін, бірақ АИ-92, дизель отыны және сұйытылған газ бағасы өзгермейді. 

"Әлеуметтік маңызы бар отын түрлерін атап өтейін – бұл 92-бензин мен дизель. Олардың бағасы бұрын да мемлекетпен реттеліп отырған. Ал 95 пен 98-бензин реттелмеген, сондықтан олардың қымбаттауы мүмкін", – деді Ақкенженов.

Министрдің айтуынша, АИ-92 мен дизель отыны бойынша бағаны өсіруге 2026 жылдың наурызына дейін мораторий жарияланған.

"Осы мерзімге дейін үкімет бағаны көтермеу туралы шешім қабылдады. Бұған сұйытылған мұнай газы да кіреді", – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, министр заң бойынша жылына екі рет баға өзгертуге рұқсат берілсе де, мораторий кезінде бұл норма қолданылмайтынын еске салды.

"Заңда бағаны жылына екі рет түзетуге мүмкіндік бар, бірақ мораторий енгізілгендіктен, 2026 жылдың наурызына дейін баға өзгермейді", – деді Ақкенженов.

Еске салайық, бұған дейін экономист әрі R-Finance сарапшысы Арман Байғанов Dalanews.kz-ке берген сұхбатында Қазақстанда жанармай тапшылығы қаупі барын айтқан еді. 


Рекомендовать
Последние новости