Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдегі атыс оқиғасынан кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кетейік, 29 шілдеде Жамбыл облысында атыс болып, төрт адам зардап шекті.
"Мойынқұм ауданындағы оқиға – басты назарда. Жастар арасында болған құқықбұзушылыққа байланысты тиісті органдар шұғыл әрекет етуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бұл істе ешқандай кешірім болмайды – күдіктілер заң аясында жауапқа тартылады. Жастар – ел болашағы. Сондықтан тәртіп пен заңды сақтау, адамгершілік пен жауапкершілікті сезіну – әрбір жастың борышы. Қоғамдағы тыныштық пен бейбіт өмір – өзара құрмет пен мейірімнен басталады. Барша жастарды тәртіпті болуға, бір-біріне сыйластықпен, түсіністікпен қарауға, арандатушылықтан аулақ болуға шақырамын. Біздің басты мақсатымыз – қауіпсіз, әділетті және бірлікке негізделген қоғам құру", - дейді Қарашөкеев.
29 шілдеде сағат 21:30 шамасында Жамбыл облысы Мойынқұм аудандық ауруханасына оқ жарақатымен төрт ер адам жеткізілді.
Алдын ала мәлімет бойынша зардап шеккендер травматикалық қарудан жараланған.
"Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы, 3-бөлігі, 99-бабы, 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп түсіндірді ведомство өкілі.
Құқық қорғау органдары күдікті адамдарды анықтауға және ұстауға бағытталған жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатқаны айтылды.
"Болған оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тергеу жүргізіліп жатыр", - деп толықтырды ПД баспасөз қызметі өкілі.