Human Rights Watch қазақстандық блогер Темірлан Еңсебекке қатысты мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 03 февр. 2025 16:31 1284

Human Rights Watch ұйымы блогер Темірлан Еңсебекке қатысты айыптарды жоюға және оны босатуға шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Human Rights Watch (HRW) Қазақстан үкіметінен Темірлан Еңсебекке қатысты айыптарды алып тастап, оны түрмеден босатуды талап етті.

Құқық қорғаушылар бұл қылмыстық қудалауды шектен тыс деп санайды. Олардың айтуынша, блогердің жариялаған жазбаларында зорлық-зомбылыққа немесе кемсітушілікке шақыру болмаған. Ал, Қылмыстық кодекстің 174-бабын («араздықты қоздыру») сөз бостандығын шектеу үшін пайдаланып отыр. Human Rights Watch бұл Еңсебектің бірінші рет қудалануы еместігін еске салды: 2021 жылы оған жалған ақпарат таратты деген айып тағылып, кейін іс жабылған болатын.

- Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ, тек билік тарапынан қылмыстық құқықты асыра пайдалану бар. Қазақстан үкіметі Еңсебекке қатысты негізсіз және шектен тыс қылмыстық «арандатушылық» айыпты тез арада жоюы және оны сотқа дейін қамаудан босатуы қажет, – деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Риттманн.

Human Rights Watch Қазақстан үкіметін сөз бостандығын қорғауға және блогерге қарсы қылмыстық қудалауды тоқтатуға шақырды.

QazNews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебекті полиция 17 қаңтарда үйіне тінту жүргізгеннен кейін ұстап әкеткен. 18 қаңтарда Еңсебек екі айға қамауға алынды. Оған «ұлтаралық алауыздық қоздырды» деген айып тағылып отыр. Полиция қылмыстық істің себебі – ұлтаралық араздықты қоздыру және этностардың бірінің өкілдерін қорлау белгілері бар материалды жариялау болған. «Йоу, орыстар» әнін Еңсебек паблигіндегі бір постқа пайдаланғаны хабарланады.


Рекомендовать
Последние новости