Ғылым министрі Алматы қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді

Dalanews 20 авг. 2025 10:51

2025 жылдың 19 тамыз күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматы қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ғылым және жоғары білім саласын дамыту мәселелеріне қатысты өзекті тақырыптар талқыланған кездесуге қала тұрғындары, профессор-оқытушылар құрамы мен белсенді жастар қатысты.

Кездесуде көтерілген негізгі мәселелер ретінде ҚР жоғары білім және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына ерекше назар аударылып, жоғары білім беру, жасанды интеллект және цифрлық білім, AI-SANA жобасы, инфрақұрылым мен жастарды қолдау, ғылыми жобаларды қаржыландырудың қажеттігі аталды. Сонымен қатар жалақы мен әлеуметтік кепілдіктерді арттыру, студенттер мен жас ғалымдардың академиялық ұтқырлығын кеңейту, қазақстандық ЖОО-ның халықаралық рейтингтердегі орнын жақсарту және білім беру бағдарламаларын жаңа технологиялармен жаңарту мәселелері де талқыланды.


Министр Саясат Нұрбек жиында айтылған әр мәселе бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, демографиялық өсімге байланысты жоғары білім беру саласына түсетін жүктеме артып келеді.

"Үш жыл бұрын біз 620 мың студентпен бастағанбыз. Қазірдің өзінде 680 мыңнан астам студент оқып жатыр. Ал 2029-2030 жылдарға қарай, біздің болжам бойынша, студенттер саны 1 миллионға жетеді деп отырмыз. Инфрақұрылым, цифрлық платформалар, үздіксіз білім, Coursera тәрізді халықаралық платформалармен серіктестіктер - мұның бәрі осы демографиялық өсімге тікелей байланысты", - деп атап өтті министр.

Басқосуда студенттерді жатақханамен қамту мәселесі де басты назарда болды. Бұл туралы:

"Алматы қаласында арнайы Ахуалдық орталық ашылды, ол арқылы кез келген студент тәуліктің кез келген уақытында жатақхана мәселесі бойынша көмекке жүгіне алады. Мұндай шаралар жаңа оқу жылы қарсаңында ешбір студентті баспанасыз қалдырмауды мақсат етеді", - деді министр Саясат Нұрбек.

Алматы жұртшылығының назарына Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы аясында Министрлік жоғары оқу орындары базасында жасанды интеллект бағытында кадрлар даярлау міндетін іске асыру жұмыстарының ағымдағы нәтижелері, "Келешек" бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі, "Мамандығым - Болашағым" жобасының жүзеге асырылуы сынды өзекті тақырыптар жөнінде тың ақпараттар легі ұсынылды.

Сондай-ақ ресми бөлімнен кейін министрдің жеке қабылдауы өтіп, онда бірнеше тұрғын өздерінің жекелеген мәселелерін тікелей жеткізу мүмкіндігіне ие болды. Жергілікті тұрғындар министрмен осындай ашық жүздесу форматында пікірлесуге мүмкіндік туғанына ризашылық білдіріп, ғылым мен білім саласындағы өзгерістерге белсене атсалысуға дайын екендерін көрсетті.


Рекомендовать
Последние новости