Федерация Айтжановты құрбандыққа шалып жіберді - спорт журналисі

Сағыныш Сардарова 15 авг. 2024 13:48 10365

Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов қызметінен қуылған, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері болған Мырзағали Айтжановқа ара түсті,- деп хабарлайды Dalanews.kz
 
Кеше бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов пен өзге де мамандар қызметінен босатылды. Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктерден кейін қоғам Нұрбек Оралбайдың күмісіне риза болса да, қынжылысын ашық білдірді. Көпшілік бұл жайттың себебін "Мырзағали Айтжановтың сөзі өтпейтін болған, жаттықтырушылар бір бөлек, боксшылар бір бөлек еркелеп кеткен" деп топшылады. Кейбіреулер Париж Олимпиадасынан кейін ұлттық құрамада үлкен кадрлық өзгеріс болатынын да сезді. 
 
Спорт журналисі бокстан шеттетілген жаттықтырушыларды "пайдаланып лақтыра салдық" деп сынады.
 
"Пайладанып-пайдаланып, лақтыра салдық... Кешеден бері ішім қайнап, өз-өзіме келе алмай жүрмін. 10 бірдей бапкерді далаға лақтыра салдық. Тура мағынасында солай. Париж олимпиадасынан кейін бір қорытынды жиын болмады. Бір сараптама жасалмады. Тараптардың уәжін де тыңдамадық. Бізден де кінәрәт бар. «Мырзағали кетсін», «Мырзағали кінәлі», «Мырзағали құртты» - деп шулай кеттік. Былай айтқанда «қан» керек болды. Федерация алды да Мырзағали Айтжановты құрбандыққа шалды. Ал, енді не істейміз? Ары қарай қандай жоспар? Тығырықтан қалай шығамыз? Ешкім жауап бере алмайды. Кеше бірнеше подкастқа қатысып, осыны айтып үлгергенім сол еді, телефоныма қарасам жаңағы шешім шығып қойған. Ал, осыған қанағатпыз ба? Осымен бүкіл мәселе реттелді ме? Расымен де, тек қана Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлер команданы артқа тарып, қазақ боксын құрдым жіберді ме? Басқа ешқандай фактор жоқ па? Басқа ешкім кінәлі емес пе? Ендеше, жарайды. Мықты екенбіз. Өте «парасатты» шешім. Өте «керемет» түйін", - деді ол.
 
Аслан Қаженов боксшыларды жұмыстан қумас бұрын бұл мәселе жан-жақты талқылануы керек еді деген пікірде. Сонымен қатар, Бокс федерациясына бұған дейін талай чемпионды тәрбиелеп шығарған Тұрсынғали Еділов қызметке келді. Ол Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. 
 
"Негізі кез-келген уақытта жұмыстан шығара салуға болады. Оған жабысып отырған Мырза аға да жоқ. Бірінші нақты стратегия құрмаймыз ба? Ок. Бір мықтыны алып тастадық. Екінші мықтыны орнына қоямыз. Енді қос мықты бір-біріне қарсы жұмыс істейді. Біз одан да сол мықтылардың басын неге бір жерге қоспаймыз? Бұған дейін де осындай мүдделер тоғысының кесірінен, адамдарды бір-біріне қарсы қою салдарынан талай таяқ жедік. Әлі де сабақ алар түріміз жоқ. Қоштасқанның өзінде бүгінге дейін жасаған еңбегін елеп-ескеріп, арқасына шапан жауып, дипломатиялық жолмен, яки, қазақы ізетпен жасауға болмас па еді. Сыртынан бұйрық шығарып, инстаграм арқылы алып тастаймыз. Оны ол үйінде жатып біледі. Не деген құрмет? Не деген қатынас? Бұдан кейін бізді кім сыйлайды? Кім құрметтейді? Керісінше, көрші елдерге күлкі болып жатырмыз", - деп ашынды ол.
 
Спорт журналисі "қазақ боксы Мырзағали Айтжанов әлі қажет ететінін айтып", оған қолдау көрсетті.
 
"Мырза ағаға, амандық тілеймін. Бүгінге дейін жасаған еңбегіңізге рахмет. Шәкірттеріңіз берген нәтижеге рахмет. Ұлттық құрамамен жеткен жетістіктеріңізге рахмет. Әлемнің кез-келген елінде абыройыңыз бар. Кез-келген ортада мысыңыз басып тұрады. Қазақтың бапкері, қазақтың маманы ретінде таниды. Сол үшін құрметейді. Ал, ұлттық команда ішіндегі рөліңіз, тіптен, бөлек әңгіме. Соның барлығына алғыс айтамын. Жүрекке қатты қабылдамаңыз. Көп уақыт өтпеді. Қазақ боксы қайтадан Мырзағалиін іздейді. Сол кезде Мырзалиден артық адам да болмайды. Мен оған сенімдімін. Соған дейін жоғалмаңыз. Білем, бокс сүйікті ісіңіз. Тіпті, өміріңіз. Сондықтан, одан ажырамаңыз. Біз осындай қатігезбіз. Біз осындай эмоцияға берілгішпіз. Қазір сіз қызметте жоқсыз. Сізбен бірге болғандар ашық қолдай алмайды. Тіпті, осы посқа лайк та баса алмауы мүмкін. Десе де, айтпағым, бүкіл қазақ сізден теріс айналған жоқ..." - деді ол.
 
Айта кетейік, бұған дейін Олимпиададағы жағдайға қатысты Айтжановты сынағандардың қатарында Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев та болған еді.
 
"Қазір бокс тізгінін алуға кім келсе де, ол кісіге оңай болмасы анық. Мырзекең светін өшіріп, есігін жауып кеткен боксты қайта жандандыруға өте көп күш қажет. Жаңа команда жасақтап, ескі қалдықтардан құтылу да оңай емес. Не де болса қажымас қайрат, үлкен сәттілік тілейік жаңа басшыға!" - деді ол.

Рекомендовать
Последние новости