Ермекбаев жаратпаған Барысовтың беренді көлігі әскерге қаншалықты жарамды?

Dalanews 19 июл. 2023 08:06 1217

Іргеде орыс пен украиндер кескілесіп соғысқалы бері Қазақстанда әскеріміздің қазіргі жай-күйіне жұрттың бәрі алаңдап, қорғаныс саласындағы әрбір жаңалыққа құлағын түріп отыру әдетке айналды.

Бұл дұрыс. «Жау – жоқ деме, жар астында» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған. Сондықтан мұндай кезеңде әскерді күшейтіп, қарулы күштердің әлеуетін көтеруге баса көңіл бөлуіміз керек.

Бірнеше күннен бері әлеметтік желіде ҚР Қорғаныс министрлігі Түркияның Otokar деп аталатын компаниясынан 2 трлн теңгеге қорғаныс саласына қажетті ARMA 8x8 деп аталатын беренді көліктерін сатып алатын болыпты деген әңгіме желдей есуде.

Бірақ Қорғаныс министрлігі дәл Otokar компаниясының береді көліктерін сатып алу турасында ешқандай келсімге келмегенін, сатып алулар орын алған сәтте беренді көлік өндіретін өзге компаниялардың ұсыныстарын қарастыратындарын алға таратты.

2 трлн теңге шамамен 1,9 млрд долларды құрайды. Бұл өте қомақты қаржы.  Назарбаев режимі кезінде болмашы жобаларға миллиардтап қаржы шаштық қой. Оның жанында әскерге қажетті беренді көлік сатып алып, Қарулы күштердің қуатын арттыруды халық та қолдайтыны анық.


Еліміздің ақпараттық кеңістігінде осы ақпарат тарағалы бері, осыған дейін мемлекеттің қорғаныс саласына бөлінген қыруар ақшасын игеріп келген Kazakhstan Paramount Engineering компаниясының қожайыны Айбек Барысов та үнсіз қалмады. Ол әлеуметтік желіде ойын айтты.

Айтпақшы, оқырмандарымыз біле жүрсін Айбек Барысовтың компаниясы да 8x8 платформасында Барыс деп аталатын беренді көлік шығаратынын естеріңізге саламыз. Барысов бүй дейді:

– Қорғаныс министрлігінің 800 дана беренді көлік сатып алуды жоспарлап отырғанын біз де естідік. Түріктің ARMA деп аталатын беренді көлігін ұқсас техниканы біз де шығарамыз. Біздің көліктер баға айырмашылығы бойынша 40%-ға арзан, – деп Барысов ойын ортаға салыпты.

Иә, Айбек Барысовтың африкандықтармен бірлесіп, Барыс деп аталатын беренді көлік шығаратынын білеміз. Бірақ кезінде Ulysmedia.kz порталы Барысов шығаратын Барыс беренді көлігі әскери сынақтан дұрыс өтпегенін жазған болатын.

Өз кезегінде экс-министр Нұрлан Ермекбаев «Барыс 8х8 беренді көлігін Қарулы күштер қатарына қабылдауға әлі ерте. Ол әскери полигонда тиісті сынақтардан толық өта алған жоқ. Бұл көлікті жетілдіре түсу керек», – деп ойын айтқаны есімізде.


Иә, Үкімет өзімізде өндіріліп жатқан өнімді қолдауы керек. Бірақ әскери салаға қажетті техникалар талаптарға сай болуы маңызды. Сынақтан өтпеген техникаға мемлекеттің миллиардтарын шашудың не қажеті бар?

Сондықтан Айбек Барысов әлі болмаған келсім жайында әңгіме қылып, даудың шоғын үрлегенше, техникасын жетілдірумен айналысса дұрыс болар еді.

Нұрлан Жұмахан

Рекомендовать
Последние новости