26 желтоқсанда Ташкент қаласында өткен кәсіби бокс кешінің басты жекпе-жегінде қазақстандық спортшы, ММА жұлдызы әрі актер Еркебұлан Тоқтар өзбекстандық Тимур Никулинді жеңді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айқас кәсіби бокс ережелері бойынша өтіп, кештің басты оқиғасына айналды. Жекпе-жектің алғашқы раундында-ақ Еркебұлан Тоқтар қарсыласын нокдаунға жіберді. Тимур Никулин айқасты жалғастыруға тырысқанымен, қазақстандық боксшы шабуылын үдетті. Нәтижесінде Еркебұлан Тоқтар нокаутпен жеңіске жетті.
Бұл – Еркебұлан Тоқтардың кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегі. Ол бұған дейін де OCTAGON лигасында табысты өнер көрсетіп келеді. 2025 жылы өткізген екі жекпе-жегін де нокаутпен аяқтаған.
Атап айтқанда, ақпан айында тәжікстандық Камариддин Хасановты (Камил Карате) төртінші раундта жеңіп, ұйымның BMF белбеуін иеленсе, тамыз айында ирандық Фарзад Гадериді екінші раундта нокаутқа түсірген болатын.
