Елордада қыз балаларға арналған жасанды интеллект пен робототехника бойынша курс өтіп жатыр

Ақтоты Жапатова 08 июл. 2025 17:40

Астанада қыз балаларды технология саласына тартуға бағытталған RoboTechnoGirls 2025 білім беру жобасы іске қосылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Жоба қыз балаларға қазіргі заманғы инженерлік және технологиялық білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың ғылым, технология, инженерия және математика салаларына (STEM) деген тұрақты қызығушылығын қалыптастыруға және техникалық мамандықтардағы гендерлік кедергілерді жеңуге жәрдемдесуге бағытталған.

Курстарды «Роботек» робототехника мектебі ұйымдастырып отыр. Жобаға TechnoWomen коммерциялық емес ұйымы мен «Астана дарыны» дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығы қолдау көрсетуде.

Жобаның салтанатты ашылуына «Астана дарыны» орталығының басшысы Жанар Бейсенбаева, TechnoWomen қауымдастығының президенті және тең құрылтайшысы Әзиза Шөжеева, «Роботек» мектебінің бас директоры әрі негізін қалаушы Санжар Шалқарбеков, сондай-ақ мектептің операциялық директоры Диана Дүйсенова қатысты.

«Бұл жоба дәстүрге айналып үлгерді және биыл қатарынан екінші рет өткізілуде. Өткен жылы біз 100 қызды сәтті оқытып шығардық. Биыл да шамамен 100 қатысушы курсқа қатысуға ниет білдірді. Қыздар робототехника мен жасанды интеллект пәндерінен сабақ оқиды. Жоба аясында түрлі шаралар жоспарланған: хакатон, республикалық және қалалық олимпиадалар, жасанды интеллект қолдануға арналған байқаулар ұйымдастырылады. Бұл – технология саласындағы басты трендтердің бірі. Бұл – қыз балалардың технологияға деген қызығушылығын арттырып, оларды әрі қарай дамуға шабыттандыратын жыл сайынғы дәстүрге айналған жоба, – деді Жанар Бейсенбаева.

Бағдарлама 10-15 жас аралығындағы қатысушыларға арналған және Астанадағы екі оқу орнында офлайн форматта өткізіледі. Сабақтар қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

Қыз балалар 6 апта бойы – 17 тамызға дейін – робототехника мен жасанды интеллект негіздерін, конструкторлармен, сенсорлармен және қарапайым алгоритмдермен жұмыс істеуді үйренеді. Бағдарламада жеке де, командалық тапсырмалар да қарастырылған. Курс соңында қатысушылар өздерінің техникалық жобаларын таныстырады.

Негізгі сабақтардан бөлек, мазмұнды қосымша бағдарлама ұсынылған:
• елдегі стартаптар мен цифрлық шешімдердің ең ірі технопаркі Astana Hub-қа экскурсия;
• STEM саласындағы әйел мамандармен мотивациялық кездесулер (TechnoWomen қауымдастығының қолдауымен);
• шығармашылық пен логикалық ойлауды дамытуға бағытталған инженерлік воркшоптар мен ойындар.

«Жобаға қызым - Айым қатысып жатыр. Біз бұл робототехника бағдарламасына қызығушылықпен қосылдық. Ол туралы сынып жетекшісінен естіп, бірден қатысқымыз келді. Бүгін оның алғашқы сабағы. Біз оның қандай әсер алып, қандай білім жинайтынын асыға күтіп отырмыз. Балалар ерте жастан технология мен бағдарламалаумен танысып жатқаны – өте маңызды. Бұл – бүгінгі заман талабы. Осындай тамаша мүмкіндік үшін ұйымдастырушыларға үлкен рақмет! Әсіресе, жобаның тегін екеніне ризамыз. Бұл – балалардың цифрлық технологиялар әлеміне бастар жолы, – деді №102 мектептің 4-сынып оқушысы Айымның анасы Алуа Перниева.

Курс соңында барлық қатысушы алған білімдері мен дағдыларын растайтын сертификаттарға ие болады.


Рекомендовать
Последние новости