Елдостың екі кітабы хақында

Dalanews 16 сент. 2019 06:50 768

Биылғы «Жастар жылы» аясында Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы Баталов қолдауымен «Жетісу кітапханасы» сериясы бойынша жазушы, сыншы, алаштанушы, әдебиеттанушы һәм көсемсөзші Елдос Тоқтарбайдың қос бірдей кітабы «Баянжүрек» және «7Su-Company» баспаларынан жарық көрді.

          Біріншісі – «БАРЛЫБЕК туралы бірер сөз...», бұл – 1866-1914 жылдар аралығында дәурен шеккен Алаш қозғалысының аса көрнекті өкілі, қазақтың аяулы ұлы, саяси қайраткер, Петербор Императорлық университетінің Шығыстану факультетін күміс алқамен тамамдаған түлегі, өңге мамандық иесі бола тұра, жұрт басына қауіп-қатердің қап-қара бұлты үйірілгенде саясатқа бел шеше араласқан арлы азамат Барлыбек Сырттанұлының өмірі мен қызметі туралы бөгенайы бөлек тарихи толғам, ал екіншісі – «Сөз-сәуле» – портреттік эсселер мен толғаныстар топтастырылған әдеби жинақ. Енді, рет-ретімен тарқатсақ...

Мұнда таутұлғаның жүріп өткен жолы, өскен ортасы, ататегі мен отбасы кеңінен сөз болады. Сондай-ақ, жалпы редакциясын ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы басқарған ғылыми-көпшілік басылымға Барлыбек Сырттанұлының болмыс-бітіміне, үрім-бұтағына байланысты бұрын-соңды жарияланбаған, тың архивтік құжаттар мен суреттер кіріпті.



Автор «БАРЛЫБЕКТІҢ «ТАҢЫ» АТТЫ немесе «Рухани жаңғыру» игілігі» атты сөзбасында былай депті: «...Сол уақыттағы тарихи жағдайдың өзі саясат сахнасына шығарып, есімін де, өнегесін де зор ісімен тарих бетіне бедерлеп кеткен Барлыбек Сырттанұлы – XX ғасыр басындағы қазақтың аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, демократ, реформатор. Ғұмыры келте қайырылған қайраткер-азаматтың есімі ұзақ жыл бойы көмескіленіп келді. Ең алғаш рет Барлыбек Сырттанұлының есімін, оның қайраткерлігі мен қоғамдық-саяси қызметін ортаға танытқан заң ғылымдарының докторы, профессор Сәкен Өзбекұлы Созақбаев ағамыз болатын. ...Халық қалаулысы М.Бопазов Б.Сырттанұлын насихаттау бастамасына айрықша көңіл бөліп, ҚР Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады. М.Бопазов бастамасын С.Үмбетов, Н.Дулатбеков, Е.Бектұрғанов, Б.Мамыраев, Б.Смағұл сынды ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары да қолдап, қуаттады».

Айтқан сөз, жазған дүние діттеген жеріне жетіп жатуы – үлкен жеңіс, кейінгілерге үлгі-нұсқа.

Тұлғатану мәселесіне мән берген әдебиетші зерттеуін «Барлыбек ғұмырнамасы», «Барлыбек әлемі», «Барлыбек мұрасы», «Барлыбек әулеті» және «Барлыбек тұлғасы» сынды бес бөлімге бөліпті. Алғашқысында Алаш қайраткерінің Жамбыл-Жәкеңнен бата алғаны, ұшқан ұясы, студенттік кезеңі, Ұзынағаш сиезін ұйымдастырып, соған қатысқаны, өлімі, қайда жерленгені, ал екіншісінде Алаш ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, энциклопедист Әлихан Бөкейханның «Барлыбекті ұмытпасқа» атты мүнаһибы (некролог), қайраткерге қатысты әдеби шығармалар, соны деректер қамтылған-ды.

Үшіншісінде арыстың асыл қазынасы, мұрасы, публицистикалық еңбектері, төртінші бөлімінде әулеті, артында қалған зәузаты тілге тиек етілсе, бесінші бөлімінде ардақты жанның бітімін барынша ашуға бағытталған, өткеннен өнеге алғысы бар әр жас үшін бағалы, тағылым тұтар сұқбаттар жинақталыпты. Соның бірі – Барлыбектің тікелей ұрпағы – Мүгілсім Сырттановамен сұқбат.

Еңбекке қазақ тілімен қатар, орысша материалдар да енген.

Елдос осы тақырыпты қалай таңдағаны жөнінде «Сары дәптердің сыры» тараушасында баян етеді: «Мен Алматы облысының Ақсу ауданына қарасты Арасан деген елдімекенде дүниеге келіппін. Бұл өңір – республика жұртшылығына, алыс-жақын шет елдерге өзінің шипалы да емдік қасиеті зор суымен танымал еді. Сол өңірдегі Барлыбек Сырттанов атындағы орта мектепті тамамдап, «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының қыр-сырын жетік меңгеріп, мамандану үшін республикалық грант жолдамасы арқылы Торғайдағы Ыбырай Алтынсариннің есімін иеленген Арқалық мемлекеттік пединститутында оқыдым. 6 сыныпта оқып жүргенімде, яғни 2006 жылы біздің мектепте Барлыбек Сырттанұлының 140 жылдық мерейтойы қарсаңында ғылыми конференция өткен-ді. Сынып жетекшім, ғылым саласына баулыған алғашқы ұстазым – Қарлығаш Нұрмұханқызы оқушы тіліне лайықтап, «Барлыбек Сырттанов және оның үзеңгілес достары» деп аталатын баяндама жазып берді. Мен осы баяндаманы оқушылар конференциясында оқып, қайраткер Барлыбек туралы алғаш рет көлемді мәлімет алып ем... Сонымен не керек, Алаштың 100 жылдығы аясында Барлыбек Сырттанұлының ғылыми-шығармашылық ғұмырнамасына шолу жасап, тұлғаның өнегелі істерін ұрпаққа насихаттауды қолға алдық. Күннен күнге әр жерден тірнектеп жиған рухани қазынаны жүрек түбінен жалғанның жарығына шығаруға мүмкіндігіміз артты».

Әр кісі сауат ашқан жерін, оған аты берілген тұлғаны насихаттау ісімен шұғылданса, ел туы көкте желбірейтіні, рухани тұрғыдан жаңғыратыны ешкімге жасырын емес.

Ғалым Алаш қайраткерін танытуға айтарлықтай үлес қосқан Сәкен Созақбаев, Тәңірберген Қалилаханов, Өтепберген Ақыпбекұлы, Жемісбек Толымбеков, Жекен Қалиұлы, Шәкен Күмісбайұлы, Гүлша Тәңірбергенқызы, Марат Бопазов, Нұрлан Дулатбеков, Оразгүл Мұхатова, Шолпан Тлепина, Мұхаметәлі Қазбанбетов секілді ғалым, қаламгер, халық қалаулыларының сіңірген еңбегін ерекше атап өтеді. Мұны ғылымға деген адалдық деп ұққан орынды.

Елдос Тоқтарбайдың «БАРЛЫБЕК туралы бірер сөз» делінген зерттеуі – ұлт тауарихын қызыға, құныға оқитын оқырман үшін олжа. Өйткені, онда өткен ғасыр басындағы қазақтың хал-күйі, көкейге түйгені, сол жолда Барлыбектей арыстанжүректі азаматтың елеулі еңбегі, өмірі, қызметі, ортасы дәлелді дерек-құжаттар негізінде көрсетілген-ді.



Елдостың «Сөз-сәуле» деп ат қойып, айдар таққан екінші кітабына елге мәлім әдебиет, мәдениет, жалпы руханият саласының саңлақтары хақындағы портреттік эссе, толғаныс, естелік, талдау, сындары өзек болыпты. Кітап тілі жатық жазылғандықтан еш кідіріссіз әрі әсерлі оқылады екен.

Алматы облысы, Көксу ауданы, Балпық би кентінде дүние есігін ашқан Елдос Тоқтарбай – бейнеткер, қаламға адал жан. Қашан көрсең де тынымсыз ізденіп, архив аршып, оқып, зерттеп жатқаны. Мен оған қатарлас-қанаттасым есебінде қызыға қараймын. Үйренген жерім де аз емес.

Бұны арадағы шығармашылық байланыстың, дос-жаран ретіндегі тығыз араласудың арқасы деп білемін, өз басым. Оның баспасөз бетінде жарияланған әр мазмұнды мақаласы, телеарна, радиоға берген әр сұқбаты жұрт талқысына түсіп, жылы қабылданып жүретіні өтірік емес. Ол – жастығына қарамастан қарақан басынан гөрі, қазақ әдебиетін, ұлт келешегін ойлайтын сергек азамат.

«Мезгіл дәптері», «Таным дәптері» және «Көңіл дәптері» секілді үш бөлімнен бас құраған «Сөз-сәуле» – айтары бар, оқырманға ой салар оңаша кітап. Автор «Жазу мұраты» аталатын алғысөзінде: «Жетісудың ұланы боп, Торғайдан топ жатыр, бас қалаға албырт сезіммен ұшып жеткенде де алдымызда бір ғана үміт, бір ғана мақсат болған сияқты... Міне, сол үлбіреген үкілі үміт, межелі мақсатымыз да – жазу-ғұмырға саяды. Осынау шағын еңбек – жас жазушы, зерттеуші ретінде таныла бастаған әдебиет өлкесіндегі алғашқы сапарларымыздың нәтижесі. Бұл – үлкен болашақ шығарманың басы, балғын шағымның жемісі» депті. Рас! Замандасым айтқандай, «шағын еңбектің» ішінде де көңілге жағарлық, назар аударарлық дүниелер көптеп кездеседі.

Мәселенки, «Менің «компьютер» жазушымдағы» балалар жазушысы, ардагер журналист Жанат Елшібек, «Өлеңсөздің зергеріндегі» филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы-ғалым, поэтолог Серік Негимов, «Бізді таныстырған бабалар рухы еді...» атты эссесіндегі өлкетанушы, көсемсөзші, Жетісу өңірінің тумасы Жемісбек Толымбеков, «Дауылды дәуірдің дүбіріндегі» ақын, Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Жұлдыз» жорналының Бас редакторы Ғалым Жайлыбай, «Семсер сөздің сәруары немесе Ұстаз шарапаты» триптихіндегі айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айбек Қалиев, «Кеңесбаев кеңістігіндегі» жазушы Талғат Кеңесбаев секілді шығармашыл жандардың табиғаты мен портреті сәтті ашылған-ды. Бұған қоса, ғұлама Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, хакім Абай, Алаш оқымыстысы – Шаймерден Қосшығұлұлы, «Алтайдың Кербұғысы» – Оралхан Бөкей, Шер-ағаң – Шерхан Мұртаза, филология ғылымдарының докторы, профессор, библиограф-ғалым Әбділхамит Нарымбетов, ақын, баспагер, жазушы Қайырды Назырбаев, ақын Маралтай Райымбекұлы мен жезқазғандық жас қаламгер Ернұр Сейдахметтер хақындағы сараптама, талдауға негізделген зерттеулері зейінді оқушы үшін құнды болуға тиіс. Бір кісі туралы жазу үшін, оны жақсы танып-білмек керек.

Елдос осыны орынды ескерген. Айталық, автор ұстазы – Айбек Қалиев туралы эссесінде өзгеше тебіренген: «...Ұяң мінез Ұлдана, Қожанасыр Көбеш, тентек Елдос, қыз мінезді Нұрдәулет, қайсар Батош, бал мінез Балнұр, ерке Жәнібек пен Рауан, Жанна, Анар, Айымгүл, Нұргүл мен Мәруана, абсурд Асылан, тізе берсем бәріңнің орның ерекше. Алла жар болсын, сендерге ақ жол тіледім, сүйікті шәкірттерім!!! (24 маусым, 2015 жыл. Сағат – 1:09)», – деп қимас сезіммен өз ойын жазыпты. Пойыздың екінші полкасында жатып алып, сығырайған «сетьпенен» боздап отырып оқыдым. Адам дәргейінде өте кең, бауырмал, ұстаз райында талапшыл болған ғазиз жанның жүректі тебіреткен сөзі». «Сөз-сәуле» – талант-тарланбоздар ғұмырының ең шуақты, сәулелі сәтін айшықтауымен де айрықша.

Талабы тастай Елдос бұл тұста бұрнағы сыншылық мәнерге салып ешкімге кінә қойып, мін тақпайды, ойнақылықпен ойға алғанын жазып шығады. Задында, автор оқырманмен байланыс-диалог орнатқанды оң көреді екен.

Тағы, ол таңдаған нысанын ашу барысында «Толстойлық сипаттама», анықтама, салыстыру сынды әрқилы әдіс-тәсіл қолданғаны – көкейге қонымды. Жазушы кітабында әңгімешілдік сипат басым. Бұл оның – ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі.

Жер жаннаты – Жетісудың перзенті, қазіргі қазақ әдебиетіндегі болашағынан зор үміт күттіретін әдебиетші – «Қайраткер, ғалым, қаламгер Ахмет Байтұрсынұлының әдеби мұрасы» (2013 ж.), «Қазақ әдебиеті тарихындағы түрме шығармашылығы және эмигранттық кезең» (Генезис. Эволюция. Поэтика. 2015 ж.) атты монографиялардың авторы, 2012 жылғы Халықаралық «Дарабоз», 2016 жылғы Жалпыұлттық «Алаштың Ақ жолы» әдеби байқау-бәйгелердің жүлдегері, 2017 жылғы ҚР Үкіметінің «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері. Нүсіптің Елдосы біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, қазақ «сөз өнерін» көркейту жолында бір кісідей-ақ еңбектеніп жүр. Әлбетте, салған беттен әлемиетке әйгілі боламын деу – надұрыс, теріс.

Тез танылу – қаншалықты баянды екені бір Аллама ғана аян іс. Көп көзіне түспей, көштің алдында да емес, артында емес, белортасында жүріп-ақ, асықпай-аптықпай қызмет етсек, Тәңір-тағала бізді елеп-ескерер. Жазушы Елдос – солардың сойынан.

Сол себепті, оны тағы бір табысымен шын жүректен құттықтағым келеді. Елекең-досқа ендігі айтарымыз – жазар көбейсін, алға қойған мақсұт-мұратына мүдірмей, төрт аяғы тең жорғаға айналған күйі аман-сау жеткей, әумин!..                 

 

Әлібек БАЙБОЛ,


жазушы-драматург,


әдебиеттанушы


 

 

 

 

 

 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости