Бишімбаев шын мәнінде қайда?

Сағыныш Сардарова 11 нояб. 2024 11:55 1580

БАҚ пен әлеуметтік желіде экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты түрлі ақпарат тарап кетті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Orda.kz мәліметінше, желідегі ақпаратта соттан кейін Бишімбаев Аршалы ауылына жақын колонияға жіберілуі керек болғаны, алайда телеарна түсірілім тобы жақында сол жерге барып, оның ол жерде жоқ екенін анықтағаны айтылады.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) оның қашып кеткені туралы ақпаратты бірден жоққа шығарды.

"Сотталған адам ең жоғары қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде жазасын өтеп жатыр. Жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалды, кінәлілер жауапкершілікке тартылады", - деп мәлімдеді ҚАЖК өкілдері.

Orda.kz Бишімбаев қайда екенін құқық қорғаушы болып жұмыс істейтін және жазасын өтеу орындарына жиі барып тұратын Бауыржан Мусиннен сұраған. Ол Қуандық Бишімбаевтың бір күн де Аршалы түрмесінде болмағанын айтты.

"Ол Степногорск қаласындағы №5 мекеменің төртінші отрядында отыр. Біздің елде жазасын өтеу орнын мекемелердің толуына қарай таңдайды. Адамның қайда жазасын өтейтіні тек оның туыстарына хабарланады, ал ҚАЖК бұл туралы қоғамдық ақпарат беруге міндетті емес", – деді Бауыржан Мусин басылымға.

Айта кетейік, биыл 26 маусымда Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық істің апелляциялық сот отырысы болған еді. Алайда олардың апелляциялық өтініші қанағаттандырылмады.

Қуандық Бишімбаев 24 жылға, інісі Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталған болатын.  

Әйелін өлтіргені үшін 24 жылға қамауға алынған Қуандық Бишімбаев ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Бұған дейін ҚАЖК өкілдері колонияда экс-министр үшін қолайлы орын әлі бос емес екенін, сондықтан жұмысқа тұрмағанын мәлімдеді.


Рекомендовать
Последние новости