Билік енді блогерлермен шындап айналысатын болады - Джохар Өтебеков

Кәмшат Тілеухан 10 окт. 2025 10:53

Адвокат Джохар Өтебеков Жанәбіловтар отбасының атышулы ісінен кейін Қазақстан билігі блогерлер мен инфлюенсерлерге ерекше назар аударатын болады деп санайды. Сарапшы блогерлердің қызметіне қатысты бақылаудың қатайып жатқанын айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Екінші жыл болды, блогерлер қатаң бақылауға алынуда. Не істеп жүр, люкс, сәнді өмірді қалай насихаттайды, халыққа не туралы айтады, салық төлейді ме, төлемейді ме, осының барлығы назарда. Бұған президенттің өзі де назар аудартқан, - дейді Өтебеков Forbes.kz-ға берген сұқбатында.

Сондай-ақ адвокат депутаттардың Үкімет басшысы  Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, онлайн-лотереяны заңсыз өткізгендерге жауапкершілікті қатаңдатуды сұрап жатқанын да еске салады. Өтебеков бұл үкіметтің блогерлерге білдірген тағы бір белгісі екеніне сенімді.

"Депутаттар бұл мәселені жәйден-жәй көтеріп отырған жоқ. Енді блогерлермен шындап айналысатын болады", - дейді спикер.

Қазақстан 2016 жылдан бастап қолданыстағы "Лотереялар туралы" заңмен мемлекеттік монополияны бекітіп қойған.  Бұл құқыққа тек "Сәтті Жұлдыз" АҚ және оның ресми өкілдері ғана ие.

Барлық басқа адам лотереяларды оператор мәртебесінсіз өткізе алмайды. Лотерея нақты тауарларды немесе қызметтерді жылжыту құралы ретінде пайдаланылатын маркетингтік ұтыс ойындарына ғана бір ерекше жағдай қарастырылған. Алайда, сарапшының пікірінше, бұл арадағы басты мәселе - блогерлер осы ұғымдарды шатыстырып жәнет"өнімді қолдаудың орнына ұтыс ойынын негізгі табыс көзіне айналдырған".

Сонымен қатар, сарапшы қылмыстық жауапкершілікке апаратын жол өте қысқа екенін ескертеді, өйткені соңғы кездері "заңсыз кәсіпкерлік туралы сот-тергеу тәжірибесінің бағыты өзгерген".

Егер айналымдағы ақша 10 мың АЕК-тен (шамамен 40 млн теңге) асатын болса, Қылмыстық кодекстің баптары қолданыла бастайды. Санкция бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Егер алаяқтық белгілері болса (мысалы, егер жүлделер өз адамдары арасында ойнатылса), онда жаза 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Соңғы жылдардағы негізгі өзгеріс, адвокат түсіндіріп өткендей, қазір заңсыз кәсіпкерлік анықталған кезде айыпталушылардан тапқан пайданы ғана емес, "айналымдағы барлық қаражат" тәркіленеді.

Сондай-ақ Өтебеков тәжірибеде блогерлердің қайтадан әкімшілік жауапкершілікке тартылып жататын жағдайлар бірнеше рет кездескенін айтады, өйткені олар [блогерлер] айыппұлдардан еш сескенбейтін болып алған.  

Проблемалар туындатуы мүмкін блогосфераның тағы бір ерекшелігі - жарнамалық жарияланымдарды белгілеу мәдениетінің болмауы. "Блогерлер оның жарнама екенін айтпайды, дегенмен заң оларды бұған бұрыннан міндеттеп қойған", — дейді Өтебеков. 


Рекомендовать
Последние новости