Биыл Сайрамда 900-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады

Dalanews 26 апр. 2022 17:01 952

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 мың тұрғын үшін кемінде 100 тұрақты жұмыс орнын ашу жөнінде берген тапсырмасына сәйкес, Сайрам ауданында биылғы жылы 870 нәтижелі жұмыс орнын ашу көзделуде. Бұл туралы бүгінгі брифингте Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

– Қазіргі таңда кәсіпкерлік субъектілері есебінен 530 жаңа жұмыс орындары ашылды. Биылғы жылы 6 инвестжобаны жүзеге асыру арқылы 215 жұмыс орнын, сондай-ақ ауылды жерлерде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту арқылы 214 жұмыс орнын құру жоспарлануда, – деді Ұласбек Сәдібекұлы.

Өткен жылы аудан көлемінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына жалпы 10 491 адам қатысып, 6 973 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылған.

Сонымен қатар, 2021 жылы аз қамтылған 4 336 отбасына 926,2 млн теңгеге атаулы әлеуметтік көмек беріліп, 3 606 балаға 189,2 млн теңге кепілдендірілген әлеуметтік пакет ұсынылды. Аудан көлемінде кедейшілік деңгейі соңғы үш жылдың нәтижесінде 2019 жылғы 34,8%-дан 2021 жылы 10,3%-ға төмендеген. 2022 жылға тұрмыс жағдайы төмен деп танылған 77 отбасына көмек көрсетіп, оның ішінде 3 отбасын тұрғын үймен қамту көзделуде.

Рекомендовать
Последние новости