Бір жыл ішінде Қытайдан Қазақстанға келуші туристер саны 64%-ға артқан

Кәмшат Тілеухан 18 окт. 2024 10:24 2477

Биылғы 10 айда Қазақстанға ҚХР-дан 122 мыңнан астам турист келген. Бұл - 2023 жылмен салыстырғанда 64% көп көлем, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Туризм индустриясы комитеті (ТИК) баспасөз қызметінің мәліметінше, Қытай Қазақстан үшін негізгі туристік мақсатты нарықтардың бірі саналады. Былтыр қарашада Қазақстан мен Қытай азаматтары үшін 30 күнтізбелік күнге дейін өзара визасыз режим енгізілсе, биылдан бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы рейстер саны артты. Қазіргі таңда Қазақстан – Қытай бағыты бойынша аптасына 44 рейс орындалады.

eQonaq жүйесінің деректері бойынша, биылғы 10 айда Қазақстанға ҚХР-дан 122 мыңнан астам турист келген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 64% көп. Былтырғы 10 айда елімізде 78 515 қытайлық турист саяхаттаған.

ТИК мәліметінше, бүгіндері Қазақстан Бейжіңдегі халықаралық China Outbound Travel & Tourism туристік көрмесіне қатысып жатыр. Көрмедегі Қазақстан стенді ҚР Туризм және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Kazakh Tourism ҰК АҚ және Алматы облысы Туризм басқармасы Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастыруда.

"Ұлттық стендте Қазақстанның туризм әлеуетін 21 туристік сала өкілі таныстырады. Олардың қатарында 12 туроператор, 7 қонақ үй және демалыс орындары бар. Қазақстан әлеуеті зор туристік бағыт ретінде халықаралық танымалдылыққа ие болып келеді. Еліміздің туристік мүмкіндіктері China Media Group, Dragon Trail және басқа да жетекші халықаралық платформаларда жаһандық аудиторияның назарын аударуда", делінген ресми хабарламада.

Көрме аясында Outbound Tourism Investment & Development Forum іс-шарасында Қазақстанның инвестициялық әлеуетін таныстыру жоспарланған.


Рекомендовать
Последние новости