Белгілі тележүргізуші FlyArystan әуекомпаниясының үстінен арыз жазды

Қаракөз Амантай 14 авг. 2024 10:14 2777

Кеше кешкі 21:50 шамасында KC7326 рейсімен Шымкенттен Астанаға ұшып келген белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы Flyarystan әуекомпаниясының үстінен арыз жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айтуынша, борттың ішінде келеңсіз жағдай орын алған.

"Ұшақтың есігі ашылмай, тұрып кеткен жанымдағы жолаушының абайсыздығынан бетіме үстіңгі сөреде тұрған ауыр (қатты) зат, отырған маған құлап, КӨЗІМНІҢ ТҰСЫН ЖЫРЫП, ҚАБАҒЫМ ЖАРЫЛДЫ. Бұл @flyarystan әуекомпаниясы қауіпсіздік шарасын сақтамағандықтан орын алған жағдай. Бордсеріктер мен әуекомпанияның алғашқы көмекке дайын емес болғанына қапа болдым! Не аптечка, не мұз, не суық зат, не қан тоқтатын, не салфетка жоқ.

Меніңше, орнымда бала, қарт адам отырып, басы жарылса, қатты жараланса, миы шайқалса, көп қан кетсе жағдай қиын болар еді. Жауапсыздық! Әр бортсерік жолаушы мініп-түскенше адам денсаулығына жауапты, алғашқы көмек көрсетуге міндетті!", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін жолаушылар құқығын бұзғаны үшін FlyArystan әуе компаниясы жауапкершілікке тартылған еді.

Азаматтық авиация комитеті Алматы – Астана бағыты бойынша рейс кешіктірілген кезде жолаушыларға қажет қызметті ұсынбауына байланысты "FlyArystan" әуекомпаниясына шара қабылдады.

Нақтырақ айтсақ, жолаушылар қонақүйге орналастырылмаған және оларды әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай трансфер ұйымдастырылмаған. Әкімшілік кодекстің 567-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, авиакомпанияға 1 000 АЕК (3 692 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

"ҚР КМ Азаматтық авиация комитеті рейстердің кешігуі кезінде қызметтерді тиісінше ұсыну бөлігінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін отандық және шетелдік авиакомпанияларды жауапкершілікке тарту жөніндегі жұмысты жалғастыруда", – делінген комитет хабарламасында.


Рекомендовать
Последние новости