Бектенов пен оның орынбасарлары қайда демалады?

Кәмшат Тілеухан 15 июл. 2025 13:37

Үкіметтегі брифинг кезінде журналистер қауымы Үкімет мүшелеріне Мемлекет басшысының демалыс аймақтарындағы мәселеге қатысты сынын тағы бір мәрте еске салды. Тілшілердің бірі олардан еліміздегі демалыс аймақтарында демалып көрген-көрмегендерін де сұрап көрді, деп  хабарлайды Dalanews.kz.

"Мен бұл салада проблемалар барын әрі біздегі көптеген курорттық демалыс орындарымыз әлемдік стандарттар түгілі, қауіпсіздік, жайлылық бойынша да базалық талаптарға сәйкес келе бермейтінін жоққа шығармаймын. Бұл ретте Сіздердің айтқандарыңызбен келісеміз. Ойымыз бір. Бұл бағытта жұмыстар жүргізілетін болады. Өкінішке қарай, бізде мынандай әдет бар: әрқашан берілген есептер әдемі болады, барлығы жағажай маусымына дайын дегендей, ал тексере келгенде, жағдай басқаша болып шығып жатады. Бұл арада кемшіліктер барын, соның ішінде Үкімет тарапынан да болғанын мойындаймыз", - деді Олжас Бектенов.

Алайда ол соңғы рет өзінің қайда демалғанын айта алмай, біршама абыржыды.

"Нақты қай жер екені есімде жоқ, 2021 жыл болуы керек, Бурабайда немесе Алакөлде. Осыдан кейін менде демалыс деген атымен болған жоқ, ешқайда бармадым. Мұнда Астанада ең жақыны – Бурабай, бірақ соның өзіне баруға уақыт табыла бермейді. Өткен жылы Алакөлде жұмыс сапары аясында болдым, суға түспедім, бірақ жағдайды бажайладық... Қазақстандықтар ел ішінде демалуы үшін барынша жұмыс істейтін боламыз. Бұл экономика үшін де әлдеқайда тиімді, яғни туристерді қабылдайтын азаматтарымызға ақша түсетін болады. Сондықтан біз жұмыс істейтін боламыз", - деп сендірді ол.

Оның орынбасарлары да ұзақ уақыт бойы толыққанды демалысқа шықпаған болып шықты.

"Мен де өкінішке қарай, ұзақ уақыт болды, демалыста болған жоқпын. Бірақ өзімнің кіші Отаным  – Баянауыл, Павлодарда болғанды жақсы көремін. Бұл менің сүйікті жерлерім", - деп мойындады Роман Скляр.

Соңғы екі жылда Серік Жұманғарин де демалмапты.

"Соңғы рет Жаңа жыл қарсаңында Ақкөлде болдым. Айтқандай, өте жақсы демалыс орыны", - деді ол.

 Ермек Көшербаев пен Қанат Бозымбаев өткен жылы аз да болса демала алыпты.

"Өткен жылы жеті күндік демалысым болды. Соның төрт күнін мен Еуропада өткіздім, ал қалған күндері Бұқтырмада отбасыммен демалдым", - деп атап өтті Ермек Көшербаев.

Қанат Бозымбаев өткен жылы су тасқыны салдарынан демалысқа шықпапты, бірақ демалыс күндері Ақтаудағы "Жылы жағажай" ауданына және Алакөлге барған екен.


Рекомендовать
Последние новости