Байден мен Путиннің кездесуі Нұр-Сұлтанда өтуі мүмкін – Independent

Dalanews 19 мая 2021 06:58 872

Байден мен Путиннің кездесуі Нұр-Сұлтанда өтуі мүмкін деп хабарлайды Dalanews.kz британдық Independent-ке сілтеп. 

Басылым Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаевты өз заманынан озып туған деп, оған Орта Азияның Дэн Сяопині деген 

баға береді. Заманауи қазақ мемлекетінің негізін қалаған қайраткер ретінде суреттеп, Батыс пен Ресейдің тілін таба білген тісқаққан саясаткерге балайды. Халықаралық қатынаста дүрдараз тараптардың диалог орнатуына атсалысқан азды-көпті еңбегін еске алады. Мақала авторының пікірінше Нұр-Сұлтан Ақ Үй мен Кремльдің келіссөз алаңына айналуы қажет.
“Алпауыт елдер диалог алаңын шығысқа қарай ойыстыруды ойлағаны жөн. Байден Путинмен пәтуаласуға қарсы емес. Түнекүнгі мәлімдемесінен кейін райынан қайтып, Кремльмен келіссөз жүргізуге әзірлігін аңғартты. Америка-Ресей мәжілісін өткізу әл әзір аса актуалды”, – дейді британ басылымы.

Бұған дейін Путин мен Байденнің кездесуі Еуропаның бір елінде өтеді деген ақпарат тараған-ды. Independent мәліметінше мұны Ресей тарабы құп көрмей отыр. 

Кремль келіссөз жүргізуде геосаяси айтыс-тартыстан алшақ жатқан аймақты таңдағысы келеді. Үлкен жетіліктің жүздесуінен кейін Путин пен Байденнің қай жерде кездесері нақты белгіленуі тиіс. 


“Осы жолғы Ресей - Америка саммитінің форматы қырғи-қабақ кезеңді еске салмауы керек. Сондықтан бұл кездесу Женева, Вена немесе Хельсинкиден аулағырақ жерде өткені жөн. 

Геосаяси дискуссияға Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласы қолайлы орын. Біріншіден мұндай жоғары деңгейдегі шара өткізіп машықтанғаны бар, екіншіден көпвекторлы бағдарға адал, әлгі стратегиядан әлі күнге айнымай келеді.

Нұр-Сұлтан нағыз нейтралды аймақ”, – деп тұжырымдайды британ басылымы. 

Independent-тің пайымдауынша Байден пен Путин Нұр-Сұлтанда тоқайласса, бұл басқа да алпауыт елдерге ой салады.

 Саяси келіссөз жүргізер диалог алаңының өрісі кеңейіп, ілгерідегі Женева мен Венаға балама пайда болмақ.  

Британ басылымы Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғанмен, Ресейдің айтқанына бағына бермейді есептейді. 

“Қазақстан билігі алысты болжай біледі. Мәскеудің меншігіндегі одақтың мүшесі болса да Ресейдің алдында бас шұлғи бермейді. Бейжіңмен де берік байланыс орнатқан. Қазақстан экономикасындағы Қытайдың үлесі Ресейдің көрсеткішін он орайды. Қазақстанның саяси элитасы Қытай мен Ресейдің ықпал ету аймағын белгілі бір межеден асырмайды. 

Одақтасы болса да Ресейдің көршісіне деген сый-құрметі сын көтермейді. Түнеукүні бірнеше ресейлік шенеунік қазақ территориясына көз алартып, агрессияға толы мәлімдеме жасады. Артынан бұған қатысты Ресейдің Сыртқы істер министрі пікір білдіріп, әлгілердің сөзін жуып-шайған болды. 

Қазақстанда Қытай ықпалы күшейіп жатқаны жасырын емес. Бұл мәселе қазақтарды толғандырып отыр”, – деп түйіндеген екен британ басылым.

Ал Тұңғыш президенттің Қазақстан тарихындағы орнына алабөтен тоқталыпты. 

Independent айтуынша Назарбаев бір кездері КСРО колониясы болған елден заманауи қазақ мемлекетінің іргесін қалаған. Посткеңестік кеңістікте алыс-жақын санасатын табысты мемлекет құрған. 


Кремльмен интеграцияға кет әрі емесін айтқанмен, Батыс бағытты да ұмытпай, таразы басын тең ұстауға ұмтылған.
“Назарбаевтың тұсында Қазақстан Еуропаның әріптестік және қауіпсіздік ұйымына кірді. 2010 жылы бұл ұйымға төрағалық етті. Бұдан бөлек өзге де трансатланттық және еуропалық ұйымдардың мүшелігіне өтті. 

Нұр-Сұлтан пен Батыс елдерінің экономикалық һәм қаржылық байланысы тереңге кеткен. Дәл қазір Қазақстан экспорттың тең жартысына жуығын Еуропаға жөнелтіп отырған Орта Азиядағы жалғыз ел”, – дейді Independent. 

Британ басылымы Қазақстанның аймақтық қауіпсіздікке құмбыл көңіл бөлетінін баса айтады. Америка әскері ауған жерінен толық шықса да, терроризммен күрес күн тәртібінен түспейді. Осы жағдайда Нұр-Сұлтанның Батыс елдерінің аймақтағы бірден-бір одақтасы атанар мүмкіндігі бар. 

Independent Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үй пен Кремльді сабырға шақырып, екі ел арасындағы кикілжіңді бәсеңдетуі мүмкін деп болжайды. 

“Назарбаев Орта Азияның Дэн Сяопині болса, елдің қазіргі басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәнігі дипломат, келіссөз жүргізуде қателік жібермейтін тәжірибелі маман.

Нұр-Сұлтанға мұндай деңгейдегі саммит өткізу таңсық емес. Осыдан алты жыл бұрын дәл осы жерде Иран ядролық бағдарламасы төңірегіндегі бірлескен іс-қимыл бойынша келіссөзге қол қойылған-тын. 

Нұр-Сұлтан Сириядағы ахуалды реттеуге де атсалысты. “Астана процесі” деп аталған басқосу Сириядағы бақталас партияларды бір үстелдің басына жиды. Сөйтіп азаматтық соғыстың алдын-алып, мәселені бейбіт түрде реттеуге күш салды. 

Путин мен Байденнің келіссөзі Қазақстан астанасында өтсе, бұл Бейжіңге де ой салары анық. Оның үстіне Батыс басшылары да бұл елде өздерін бөтен сезінбейді. Ресейдің қайта оянған имперлік тәбеті мен Қытайдың экономикалық өрлеуін, Украинадағы ахуал мен Палестинадағы кризисті Орта Азияның қақ ортасында орналасқан Қазақстан астанасында талқыласа несі айып?!”, – дейді Independent. 



Бұл мақала Қазақстан үкіметінің тапсырысымен жазылуы әбден мүмкін.  

Британ басылымының бізге тегін жарнама жасауы біріншіден нарық заңына қайшы. 

Екіншіден Назарбаевтың мақтауын асырып, оны Дэн Сэяпинмен салыстыруы көңілдегі күдікті қоюлата түседі. 

Басылымның тұрақты аудиториясы Independent-тің Қазақстанға қатысты риторикасы күрт өзгергенін бірден аңғарары анық. 


Бір жылдары Қазақстандағы сайлауды сынап, биліктің бір адамның қолында шоғырланғанын ашып жазған Independent-тің аяқасты құбылуы бекер болмаса керек. 

Мақаланы тапсырыспен жазылды деуімізге шетелдік басылымдарға сұхбат беруге құлшынып тұратын биліктегі тенденция да түрткі болып отыр. 

Қателеспесек осыдан 6 жыл бұрын сол тұста Ұлттық банкті басқарып тұрған Қайрат Келімбетов Блумберге мақала беріп, Қазақстанды Орта Азияның Сингапуріне теңеген еді. 

Бұған Dalanews.kz жауап қатып, Келімбетов қай елде өмір сүреді деген сыни мақала жариялаған. 

Ал британ басылымында жарық көрген дүниенің құны қанша болды? Одан бұрын дәл қазіргі шақта саммит өткізіп алашапқын болудың қажеті бар ма? Путин мен Байденді күтуге жұмсалатын қаражатты бұдан гөрі пайдалы, сауапты іске бағыттаса болмас па? 

Жарайды, тапсырыс емес, британ басылымның бізге көңілі түсті делік. 

Саммит, конференция атаулыға тыйым салған Тоқаев бұл ұсыныстан бас тарта ма, әлде "Байденді Нұр-Сұлтанда қарсы алайық" деп қылқылдаған көршісінің қабағына қарай ма?..

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


 





 




Рекомендовать
Последние новости