Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылының тұрғындарымен кездесу кезінде Кеңес заманында салынған үйлердің инженерлік инфрақұрылымның тозығы жеткені жайлы айтылды.
«Елбасының бастамасымен қолға алынған «Ауыл – Ел бесігі» жобасының аясында бүгінде еліміздің шалғай аудандарының түйіткілді мәселелерін шешу бойынша партия жүйелі шаралар әзірлеуде. Отырар ауданындағы Шәуілдір ауылының тұрғындарымен кездестім. Мұнда 300-ден астам отбасы 70-80 жылдары салынған үйлердегі инженерлік инфрақұрылымның тозуы салдарынан жылу беру жүйесінің мардымсыз жұмысына байланысты «Nur Otan» партиясына шағымданған», – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы ұзақ жылдардан бері қордаланып келген мәселенің жақын арада шешілетінін айтты. Жергілікті бюджетті нақтылау кезінде жылу жүйелерін салу үшін 700 млн. теңгеден астам қаржы бөлінбек. Негізгі қазандықтың құрылысына қаражат қаралған. Ауыл тұрғындары көтерген мәселені шешу «Nur Otan» партиясының бақылауына алынды.
Жұмыс сапары барысында Бауыржан Байбек түркістандық зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Басқосу барысында әл-Фараби және Абай сынды ойшылдарымыздың мерейтойларын тағлымды деңгейде өткізу жайы қозғалды.
Бауыржан Байбек өңірге іссапарын Түркістан қаласында жалғастырды. Жетекші партия Төрағасының Бірінші орынбасары «Жастар ресурстық орталығында» түркістандық қоғам белсенділері мен жастармен еркін форматта кездесіп, пікір алмасты. Жиында азаматтық қоғамды дамыту мен жастар саясаты және биылғы еріктілер жылын жүзеге асыру жайлы мәселелер айтылды.
Сондай-ақ, Бауыржан Қадырғалиұлы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мәдениет сарайында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Төрағасының Бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев пен еліміздің Бас париясының аудандық филиал төрағаларының қатысуымен жиналыс өткізді.
Еске сала кетейік, Елбасы тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы бірнеше айдан бері Үкіметпен және өңірлік филиалдармен бірлесе отырып, алдағы 5 жылға аудандарды, қалаларды және облыстарды дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған бағдарламаларда әрбір жекелеген өңірдің жергілікті ерекшеліктері ескеріліп, азаматтардың нақты қажеттіліктері көрініс табатын болады. Осы жұмыстардың аясында «Nur Otan» партиясының басшылығы еліміздің барлық өңірін, тіпті шалғай елді мекендеріне дейін аралап шығады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі