Бақылау – саяси науқанның ажырамас бөлігі

Dalanews 23 февр. 2023 11:41 849

Психологияда бақылау зерттеу әдісі бар. Бұл әдіс бойынша, әр түрлі жеке тұлғаның іс-әрекеті мен қылықтарын қабылдаудың негізінде мақсатты зерттеу жүреді. Ең қызығы, бақылау жүргізілген кезде, адам бақылау жүргізіліп жатқанын білмеуі керек. Егер сезген жағдайда шынайылық жоғалады.

Бақылаудың саяси науқандағы орны ерекше. Дегенмен, сайлаудағы бақылауда бақылаушы сайлаушы мен сайлауды ұйымдастырып отырған сайлау учаскесінің мүшелеріне еш кедергі келтірмей байқап қана отыруы тиіс. Бұл аксиома.

Өйткені, сайлау мемлекеттік саясаттың демократиялық мызғымас даму механизмдерінің жалғыз құралы. Сондықтан, бақылаушының рөлі осы саясаттың қорғаны хәм қарауылы болуы тиіс.

Жалпы байқаушының рөлі Сайлау туралы заңмен реттелген. Егер заңның субьектісі ретінде қарасақ, байқаушы сайлаудың өз тәртібінде, заңның бұлжымай бұзылмауын қадағалайды.

Егер тәртіп бұзылса, бақылаушы тиісті заң бұзушылықты ескертіп, тіптен болмаса Актіге тіркеп, куәгерлердің қолымен қуаттап, тиісті заңды қадағалушы құзырлы мекемелерге жолдайды.


Әлбетте, идеалды жағдайда, сайлау әділдігі осылай жүруі керек. Нәтижесінде, дәлелдері анықталып, заңның белге басуы көрінгені байқалса, Сот шешімімен сайлау жүрген учаскенің нәтижесі жоққа шығарылады. Ал, заңсыз әрекетке барғандар өздерінің қылмыстық жауапкершіліктерін алмаса да, әкімшілік жауаптарына тартылуы бек мүмкін.

Айтпақшы, қылмыстық жауапкершілікке тартылу практикасы, Украинадағы сайлауда Киевте 2007 жылы 17 сайлау учаскесінің төрағаларының сотталуымен аяқталған еді. Тоқетерінде, ол жақта сайлаудағы заңсыздықтар тоқталды.

Естеріңізде болса, бізде де соңғы рет, мұндай жағдайлар 1999 жылдары орын алды. Әсіресе, Құрманғазы №16, Жамбыл №24, Абай №53 округтерінің сайлауы жарамсыз деп танылып, Атырау, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысының комиссия мүшелері жауапкершілікке тартылған болатын. Салдарынан 47 округте қайта сайлау өткізілді.

Ал, 2004 жылы 67 бір мандаттық округтен 513 адам сынға түсті. 22 округте қайтадан сайлау өтті.

Әрине, жоғарыда аталған оқиғаларда бақылаушының қызметі зор. Тәуелсіздік жылдары, үшінші рет жүретін биылғы жеке мандатпен түсетін аралас сайлау кезінде де, мұндай қоғамдық тың бақылау өте жоғары болмақ. Себебі, белгілі демократиялық кең мүмкіндіктерде жеке азаматтардың бәсекелесуі күшейеді. Сондықтан, бақылаушылық жауапкершілігінің мемлекеттің алдындағы маңызды саяси қадамдарында, түсіне білгенге үлкен рөлге ие.

Алдағы 19-наурыздағы сайлауда отандық тәуелсіз бақылаушылардан құралған бірнеше ұйым менмұндалап, қатарын сайлаудан-сайлауға арттырып, осы күндері бақылаушыларын оқытып, сайлау күніне сақадай сай болуға талпынуда.

Солардың ішінде, ауқымды байқаушы санымен сайлауда көрінген «Baqyla» тәуелсіз бақылаушылар қозғалысы, үш жарым бақылаушысымен араласпақ. Олардан қалыспай, екінші рет сайлауды бақылауға республикалық деңгейде «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы да екі мыңнан астам байқаушысымен кірспек.


Бұл жерде бақылаушылардың көп болғаны дұрыс, егер еліміздегі 12 мыңнан астам сайлау учаскелері бар десек, солардың бәрін қамту мүмкін емес жағдай. Бірақ, бақылаушылық үрдісіндегі қадамдар жаман емес. Бұл да өзінше бір демократияық тәрбие жұмысы, себебі, байқаушылардың қатары сексен пайызы жастардан құралып отыр.

Көш жүре түзелетін саяси науқанның бастамасында, келешекке әділ сайлауларға бір табан жақындау деп қабылдаған жөн. Қалай десек те, бақылаушылықтан өзге балама құралдар әзірше, демократиялық қоғамда ойлап табылмады.

Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы.

Рекомендовать
Последние новости