Ауыл әкімі бастаған мемқызметкерлер жолда қалған 70-ке жуық жолаушыны құтқарған

Dalanews 23 февр. 2023 12:37 872

Жамбыл облысы Талас ауданы Берікқара ауылдық округінің әкімі  Ербол Тамдыбекұлы Смайлов Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың алғыс хатымен марапатталды.

Ағымдағы жылдың 10-11 ақпанында Берікқара ауылдық округіне қарасты Майтөбе ауылының маңында орналасқан Тараз-Қаратау тас жолында шамамен 35 автокөлік пен 70 тұрғын күшті боран салдарынан қар құрсауында қалды.

Ауылдық округ әкімі Ербол Тамдыбекұлы әкімдік қызметкерлерінің жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырып, құтқару жұмыстарын жүргізу барысында ерекше көзге түсті.

Атап айтқанда, Қаратау-Тараз автомагистралінің бойында қасында екі немересі бар ауыл тұрғынының жолда қалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Азаматтарды құтқару мақсатында жолға шыққан ауылдық округ әкімінің қызметтік көлігі жолда ақ боран салдарынан қардың астында қалады. Алайда шешімді әрекетінің арқасында Ербол Тамдыбекұлы екі немересімен жолда қалған азаматты жаяу іздеп жүріп тапқан. Аталған жердің кординаттарын округ аппаратының қызметкерлеріне ұялы телефон арқылы жеткізгеннен кейін әкімдік қызметшілері тез арада арнайы техника ұйымдастырып, жолда қалған азаматтарды қауіпсіз жерге жеткізген.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері келгенше ауылдық округ әкімі жолда қалған өзге азаматтарды өз күшімен іздестіруді жалғастырып, жол үстінде түнеген. Осы уақытта округ әкімдігінің қызметкерлері бораннан аман қалған азаматтарды ауылда орналасқан мешіт пен орта мектепке уақытша орналастыру жұмыстарымен айналысады. Таң уақытымен Төтенше жағдайлар бөлімінің арнайы автокөлігімен ауылға жеткізілген әкім алдымен қар құрсауынан құтқарылған азаматтармен кездесіп, оларды ыстық шай, тамақ және т.б. керек-жарақпен қамтамасыз етті.

Осылайша жолда қалған 70-ке жуық азамат құтқарылып, оларға алғашқы көмек көрсетілген. Округ әкімдігі мен төтенше жағдайлар қызметкерлері және де ауыл тұрғындарының арқасында 35 шақты автокөлік жол жиегінен шығарылып, иелеріне тапсырылды.

ҚР МҚІА төрағасы арнайы жолдаған алғыс хатты Жамбыл облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Лесбек Илебаев табыстады.

Ербол Смайлов Жамбыл облысында дүниеге келген. Мемлекеттік қызметте 8 жыл еңбек өтілі бар. Бүгінде үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр.

https://www.youtube.com/watch?v=FIW1HoVqJgI

 

Рекомендовать
Последние новости