Атом уын жұтқан Семей жұрты көмекке зәру

Dalanews 14 окт. 2020 09:37 1074

Семей шаһарына ҚР Президенті жақын күндері іс-сапармен келмек. Әрине қаламыздың зиялы қауым өкілдері дәстүр бойынша сөз сөйлер, алғысын білдірер.

Бірақ ұлы даламызға қайғы қасірет әкелген, ядролық сынақтың жарасы әлі жазыла қоймағанын, Мемлекет басшысының 2019 жылдың сәуір айында Семейге келген сапарында  Полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет.

Үкіметке полигон аумағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу жайлы тапсырмасы халыққа үміт отын жаққанымен, іске асуға келгенде сағызша созылып кеткенін жеткізерме екен?


Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:

"Полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет. Үкіметке полигон аумағындағы халыққа берілетін әлеуметтік көмектің мөлшері жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын", - деп еді мемлекет басшысы 2019 жылдың сәуір айында Семейге келген сапарында.

Және


"Жыл соңына дейін полигон аймағындағы тұрғындар мен олардың ұрпақтарына ядролық сынақтардың тигізген зиянын нақтылап, әлеуметтік көмектердің көлемін анықтаймыз" деді Президент мырза.

Бірақ қара халықты қаң қақсатқан ұлы даламызға қасірет әкелген Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен жандарға лайықты көмектің болмағаны қынжылтады.

Тұрғындарға медициналық көмектен бөлек, жасалатын экологиялық төлемдер де мардымсыз. Мысалы аймақтағы жұмыс істейтін азаматтардың жалақысына ай сайын 4167 теңге ғана экологиялық үстеме қосылады.


Бірақ оның өзіне барлық азаматардың қолы жете бермейді. Жеке бизнеске жалданып жұмыс істейтіндер сол азын-аулақ төлемнің өзін ала алмайды.

Салытырмалы түрде алсақ  Арал өңірінде экологиялық қасірет шеккен халыққа берілетін мұндай қаржы бірнеше есе жоғары. Семейліктер бір жылда алатын экологиялық төлемге Арал өңірінің халқы бір айда-ақ ие болады.

Жұмыскерлерге еңбекақыға 1,5 коэффиценті, яғни 50 пайыз лауазымдық айлық ақысына қосымша есептеліп тиісті төлемдер жүргізіледі. Ал дағдарыс аймағы бойынша, Қызылорда қаласы мен Байқоңыр қаласы бойынша, сонымен қатар аудандарға оларға 1,3 коэфицент, яғни 30 пайыз еңбекақыға қосымша төлемдер жүргізіледі.

Демек жалақысы орташа есеппен 100 мың теңге болса, қосымша 50 мың теңге ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТӨЛЕМ ретінде береді.


Сонымен қатар қосымша еңбек демалысын берумен бірге, бір айдағы орташа жалақы есебінен материалдық көмек көрсетіледі.

Орысша айтқанда на оздоровление. Ал СЕМЕЙ СЫНАҚ ПОЛИГОНЫНАН зардап шеккен жандарға айына жалақысына қоса 4167 теңге ғана береді. АЙЫРМАШЫЛЫҚ ЖЕРМЕН КӨКТЕЙ екенін аңғару қиын емес.

Ал мұндай төлемдер Семей сынақ полигоны аумағында тұратын халыққа неге берілмейді?

Бұрыңғы Семей сынақ полигонының аумағындағы тұрғындардың  деңі  қосымша экологиялық демалыс алмайды,  жалақысы мен зейнетақысына үстеме ақша қосылмайды,  емдік шараларға жеңілдік берілмейді, дәрі-дәрмекті жеңілдікпен алмайды, тегін шипажайларға бармайды.

40 жылдың ішінде жиыны 456 ядролық қару сынақтан өткен. 86-сы әуеде, 30-ы жер үстiнде, 340-ы жер астында жасалды. Полигон аумағы 18500 шаршы метрдi құрады. Жылдам тараған улы радиация осы аумақта тұрған 1,5 млн адамға зиянын тигізді. Қазақ жерiндегi жарылыстар Хиросимаға тасталған бомбалардан 2,5 мың есе қуатты немесе 116 Чернобльдағы жарылысқа тең болды.

Барлық жарылыстың қуаты 50 мегатоннаны құрады. Елдің берекесін алып, құтын қашырған зұлмат Семей ядролық сынақ полигоны деген атпен тарихта қаралы әріптермен жазылды.

Ядролық сынақтың зияны жайлы белгілі жазушы, "Семей қасіреті" кітабының авторы Медеу Сәрсеке: "Мектепте 43 ұл мен қыз бітірген едік. Содан қазір біз 3-4 адам ғана тірі жүрміз. Өзгесінің бәрі 60 жасқа жетпей, тіпті одан да ерте өліп қалды" деп полигонның адам өміріне қалайша әсер еткенін бір сұхбатында айтқан еді.


1949 жылғы 29 тамыздан 1953 жылдың 12 тамызына дейінгі ядролық қаруды ашық сынау кезінде жақын жердегі ауылдың тұрғындарына не әскери басшылар, не облыс басшылары ядролық сынақтың зияндылығын айтып, жарылыстар туралы ешқашан алдын-ала ескертпеген. Семей полигонын ядролық қаруға ғана емес тірі адамға тәжірибе ретінде жүргізілген сынақ деуге болады.

Еліміздің статистика комитетінің дерегінше, қатерлі ісікке шалынғандардың көбі Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында кездеседі. Қан айналым жүйесі аурулары да Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарында жиі тіркеледі.

Бұл көрсеткіштер мен Семей полигонындағы ядролық сынақтар арасында байланыс бары анықталмаған. Бірақ Семей полигонының зардабын тартқан тұрғындар бойындағы дертін ядролық сынақпен байланыстырады. Кезінде апатқа куә болған адамдардың балалары, немерелері мен шөбелеріне дейін бір отбасындағы бірнеше буынның адамдары «атасының бойындағы ауру генетикалық жолмен келесі ұрпаққа өтпейді» деген кепілдік ешбір ғалым бере алмайды.

ҚР Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр көктемде Семейге жұмыс сапарымен келгенде полигон зардабын тартқан азаматтарға жасалатын жеңілдіктер лайықты деңгейде болуы қажеттігіне тоқталып: «Полигонның салдарынан түрлі дертке шалдыққан азаматтарды тиісті деңгейде емдеумен қатар, оларға оңалту қызметін көрсету мүмкіндіктерін де қарастыру қажет», деген еді.

Өңірде 1300 ден астам мүмкіндігі шектеулі бала тікелген. Оның 250-не ғана арнайы әлеуметтік қызмет көрсетіледі.


Бірақ ондай қызметті көрсетіп отырған орталық тек 35 баланы ғана кезекпен қабылдайды. Өйткені орналасқан ғимараты мүлдем талапқа сай келмейді. Тым тар. Сол себепті медициналық, психологиялық көмекті дер кезінде ала алмаған балалардың  дерті өршіп, өмір бойына мүгедекке айналып жатқандары көп.

Ал оңалту орталығы 2021-2023 жылға қарай іске қосылмақ. Бірақ тек мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана емес, полигоннан зардап шеккен адамдардың бәріне қызмет көрсетілсе дейді қала тұрғындары.

Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ


Рекомендовать
Последние новости