Ата-анаға үшбу хат

Dalanews 27 мая 2015 04:38 1722

Көптен күткен «соңғы қоңырау» да өте шықты. Балаңыз он бір жыл бойы білім алып, түлеп ұшқан алтын ұясын қимай аттанса да, жүзінен қуаныш лебі есіп тұрды. Өйткені, мектеп бітіргенін тойлауы керек қой. Қазақ болған соң тойды жақсы көретініміз тағы бар. Перзентіңіз үшін бар тапқан-таянғаныңызды аямайтыныңыз түсінікті. Тіптен шекара асырып, сонау Түркияға дейін қыдыртып қайтуға бейілсіз. Дегенмен, бұл той ұзаққа созылмайды. Өйткені, алда балаңыздың атын естігенде тізесі дірілдеп, ұйқысы қашатын ҰБТ келе жатыр.

УБТ2Бұл күн жалпыға бірдей қуаныш бола қоюы неғайбыл. Біреуінің мерейі асып, жоғары балл алып жатса, бірінің жолы болмай, тауы шағылады. Алдында ғана жүзі балбұл жайнап жүрген талай жас түлектің кейбірі ғимараттан секіреді, жіпке асылады. Яғни, суицидке ұрынады. Артында жылап-еңіреп ата-анасы қалады.

Неге?..

«Бала – бауыр етің» дейміз. Тар құрсақты кеңітіп, тас емшекті жібітіп, өзегіңді жарып шыққан перзентін кім жек көрсін. Бала дегенде шығарға жаныңыз бөлек. Былдырлап сөйлегені де, тәй-тәй басып жүргені де – сіз үшін нағыз мереке. Қаншалықты шаршап-шалдықсаңыз да балаңыздың періште жүзін көргеніңізде бұл дүниенің бар тауқыметін ұмытып, өзгеше бір сезімге бөленесіз. Әйтсе де, балаңыз өскен сайын оның қажеттіліктері де арта түсетіні бар. Ол да болса мойныңызға ауыр жауапкершілік жүктейтіні хақ. Яғни, бұрынғыдан да қомақты қаражат табуға тура келеді. Енді сіз қаражат табуға қолбайлау болған балаңыздан арылудың қамын жасайсыз. Яғни, балабақшаға тапсырасыз. Әрине, балабақшаның берері көп. Бірақ, алып барып, алып қайтқанда ғана төбе көрсетпесеңіз, қалған уақытта ол жаққа аттап баспайсыз. Балаңыздың не үйреніп, не білгенін тексеруге де уақытыңыз жетпейді. Шындығында, уақыт бөлмейсіз. Жаттап алған бір-екі тақпағына мәз боласыз.

Сөйтіп бір күні балаңыз мектеп табалдырығын аттайды. Ол күнге қалай жеткенін байқамай да қаласыз... Енді сіздің алып барып, алып қайту мехнатынан құтылып, арқаңыз кеңиді. Әнтек бір мезгіл балаңыз әліппені оқып, бірге бірді қосса екі болатынын білгеніне марқайып, «Менің балам бәрін біледі» дейсіз... Сол дегеніңізден танбастан, бірінші сыныпты бітіргенше аракідік әліппесінің бетін аштырып, өз атын жазғанға дейін қадағалауды ғана білесіз. Біртіндеп мектепке ат ізін салғанды қойып, балаңыздың қандай сабақ оқып жүргенінде де шаруаңыз болмайды. Барлық жауапкершілікті мұғалімдерге артып қоясыз. Ал сол сенген ұстаздарыңыз өкіметтің қолбаласына айналып, ағаш ақтап, көше тазалап жүрген де балаңыздың қандай сабақ оқып жүргені сізді қызықтырмайды да. Ұстазбен бірге бала тәрбиесі де «көше лағып» кеткеніне назар аудармайсыз. «Баланың алғашқы ұстазы – ата-анасы» дегендей, балаңыздың нағыз ұстазы өзіңіз екеніңізді сезінбейсіз. Ара-тұра пысықтығыңыз ұстап, сабағын тексермек болсаңыз да, өзіңіздің біліміңіз жетпей, солқылдақтық танытасыз. Кейде балаңыз түсінбеген жерін сұрап жатса, одан ебін тауып қашқалақтайсыз. Өйткені басыңызды қатырғыңыз келмейді. Тек киімі мен тамағын, оқу құралдарын қамтамасыз етсем болды деп өзіңізді жұбатасыз. Соған сенгіңіз келеді...

убт3Бірде баласына онша көңіл бөлмейтін әке болыпты. Таң ата салысымен жұмысқа кетіп, үйіне қараңғы түскенде бірақ оралатын болса керек. Баламның қарны тоқ, киімі бүтін, басқа да қажеттіліктерден тапшы емес, бұдан басқа оған не керек деп ойлайды екен. Бірде баласы әкесінен: «Әке, күнделікті қанша ақша табасыз?»  – деп сұрайды. Сонда әкесі: «Екі мың теңгедей табамын», – деп жауап береді. Баласы әкесінен мың теңге бере тұруын сұрайды. Әкесі ақшаның не үшін керек болғанын түсінбесе де, бірінші рет сұрап тұрғандықтан көңілін қимай, сұрағанын береді. Сөйтсе баласының жинап жүрген мың теңге ақшасы бар екен. Екі мың теңгені әкесіне қайта ұсынып: «Әке, мына ақшаны алып, маған бір күніңізді қия аласыз ба?» – деген екен. Сонда ғана әкесі өз қателігін түсініпті. Көрдіңіз бе, балаңызға ең алдымен басқа емес, сіз керексіз.

Сөйтіп күнделікті тіршіліктің күйбеңімен арпалысып жүргеніңізде балаңыздың мектеп бітіруге таяп қалғанын сезбей де қаласыз. Кешегі нәресте бүгін өзіңізбен бірдей болып шыға келеді. Дәл осы жылы ғана оған көңіл аударған сыңай танытып, ауыр талап қоя бастайсыз. Әр сөзіңіздің ләмінен мен сені оқыттым, барлық мүмкіндік жасадым деген суық рай байқалып тұрады. «Қайтсең де ЖОО-ға түсесің, бізде сені ақша төлеп оқытатын жағдай жоқ» деген бұйрық райлы сөйлемдер күнделікті қайталана бастайды. Бірақ бұл талап-тілектеріңіз балаңыздың болашағын ойлау емес, өз мақсатыңыз бен абыройыңызды асқақтату мүддесіне ұласып жатады. Өйткені, басқалардың алдында артық көрініп, дос, дұшпаныңызға күлкі болғыңыз келмейді. Егер балаңыз мектепте үздік оқыған болса, онда талап-тілектеріңізді үдете түсесіз. Бұл баланың психологиясына ауыр салмақ салып, өз-өзіне сенімділігін әлсіретеді. Егер ҰБТ-дан өтпей жатса, өз-өзіне қол жұмсауға дейін апаруы мүмкін.

[caption id="attachment_10781" align="alignright" width="448"]13 ата-аналар жиналысы[/caption]

Егер сыннан сүрінбей өтіп, университетке түсіп жатса, ақшаңызды балаңыздың тіл үйреніп, курстарға жазылуына емес, керісінше айналаңды түгел шақырып, мән-мағынасы жоқ ырду-дырдуға жұмсайтын ата-аналар да бар. Ал өтпей жатса, пара берсеңіз де ақылы бөлімге түсірмей тынбайсыз. Бір сәт күнделікті қадағалаудан босап, сізден ажырап, білім қуып жыраққа кеткен соң, балаңыз еркіндікке жетіп, ойына келгенін істей бастайды. Сабақтан гөрі өзіңіз бастама жасап берген той-томалаққа үйірсек келеді. Кітапханаларды емес, барлар мен түнгі клубтарды жағалайды. Сөйтіп жүріп дипломында алар, әйтсе де жартыкеш маман болып шыға келеді. Ал ақылы бөлімге түскендерінің жағдайы мүлдем басқаша. Сіз оқу ақысын төлегеніңізбен, оның басқа керек-жарақтары жетіп артылады. Оған қаланың қымбатшылығын қосыңыз. Енді балаңыздың тек жатпай қосымша жұмыс істеуіне тура келеді. Қолайлы болуы үшін түнгі мезгілде. Түнімен ұйқысы қанбаған адамның ертесі сабақты түсіне қоюы неғайбыл. Бұлар жолдары болғандар. Өйткені қазіргі күні жұмыс табу қиынның қиыны. Жұмыссыздық пен ақша тапшылығы әлпештеп өсірген перзентіңізді теріс жолға итермелеуі бек мүмкін. Жігіттер ұрлық пен тонауды кәсіп етсе, қыздар жезөкшелікке бойұрмасына кім кепіл?.. Арты не болары бәрімізге белгілі. Теріс пиғылды секталардың да студенттерді жиі жағалайтыны неліктен екенін енді түсінген шығарсыз.

Сіздің міндетіңіз не еді басындағы? Балаңызды оқуға түсіру ғана ма еді? Ал оқу құрғырды тыныштықта, тоқшылықта, қаржылық тапшылықсыз індетсе, оның қайыры әлдеқайда көп болары анық қой. Ата-аналардың көпсандысы баласының оқығанына ғана мәз, ал оның қалай оқып, қайда тұрып, не ішіп, не жеп жүргеніне мән бермейді. Мектеп бітіргенше азда болса қадағалаумен болған баланың «бос уақыты» университетте бірнеше есе артады. «Бос уақыт» - не қылмысқа, не жалқаулыққа, не керенаулыққа бастайтын жол. Университет қабырғасындағы уақыт – өтпелі кезең. Осы мезетті дұрыс жүйелей алмаған жастың тағдыры қыл үстінде екенін көп ата-ана түсіне бермейді...

Ендеше, қайтпек керек?

Бір дана қарияға жас жұбайлар келіп, балаларын қай жастан бастап тәрбиелеу керек екенін сұрапты. Сонда қария: «Балаларың қанша жасқа келді?», – дегенде, олар: «Үш жасқа келді», – деп жауап береді. «Ендеше үш жылға кешігіпсіңдер», – деген екен көпті көрген ақылман. Демек, бала тәрбиесін дүниеге келген сәттен бастап қолға алыңыз. Балаңызға оны әрқашан жақсы көретініңізді білдіріңіз. Әрқандай істе қолдау танытыңыз. Қолынан келетін нәрсені ғана талап етіңіз. Білім алуына жағдай жасаңыз. Бойына қазақы қасиеттерді сіңіре біліңіз. Ең бастысы, балаңызға уақыт бөліңіз. Тіпті жұмысбасты болған күннің өзінде, аптасына бір күніңізді балаларыңызға арнаңыз. АҚШ президенті Б. Обама қолы қалт еткен уақытты балаларына арнайды екен. Сіздің жұмысыңыз оның жұмысынан көп емес шығар... Сіз бала тәрбиелеу арқылы отаныңызға өлшеусіз үлес қосып жатқаныңызды ұмытпаңыз!

Нұрсерік Тілеуқабыл


Рекомендовать
Последние новости