Астанада өтетін айтысқа Ринатты әкелмеңіз деген ескерту алдым

Dalanews 05 мар. 2019 06:07 1060

– Жұрт Ринатты шындықты айтатын ақын деп жатады. Сіз басқаша қарайтын сияқтысыз?

Оған дауым жоқ. Айтсын. Жұрт жақсы көрсін. Ринаттың өзі де біледі, қай жерде жақсы айтқанын, қай жерде жақсы айтыс жасай алмағанын.

Қазан айында Астанада өткен айтыста Ринат жақсы айтыс жасады. Бас жүлдені даусыз жеңіп алды. Оған ешкім кедергі келтіріп жатқан жоқ. Бірақ шындығын айту керек, біздің кейбір үлкен қалалар мен облыстардағы айтыстарға «Ринат Зайтов пен Айбек Қалиев қатыспасын» деген талап қойылады.

Өйткені, осы ақындар артық бірдеме айтып қойса, салқыны өзімізге тиеді деп қорқады.


Мысалы, алдағы айларда Астанада өтетін айтысқа Ринат, Айбек, Бекарысты әкелмеңіз деген ескерту хат алдым. Міне, көрем десеңіз, ұялы телефонымда тұр.    

– Сіз өткізіп жатқан айтыстарға шенеуніктер келіп, отырып тыңдай ма?

Керек болса, атын атап, түсін түстеп берейін. Айтысты қолдап отырған әкімдердің бірі – Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

 Содан кейін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев (күні кеше Сапарбаев Еңбек және әлеумет министрі болып тағайындалды, ред), Алматының әкімі Бауыржан Байбек, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев сияқты атқамінерлер айтысқа қаржы шығарып қана қоймай, келіп отырып, өнер додасын көріп, тамашалап қайтады.

Ақындардың айтқан сын-ескертпелерінен қорытынды шығарып, шара қолданып жатады.

Бірақ Қарағанды облысынан қаншама ақын бар. Ақыны көп болғанымен, жыр додасын өткізуге шамалары келмей отыр.


Қанша жылдан бері айтып-айтып, жаманатты болдым. «Абылайды хан көтерген Ұлытауды нәсихаттайық» дедім. Бірақ облыс басшысы кері тартып келеді.

«Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» деп жатырмыз. Онда айтыс өткізейік. Айтыс ұлы даланың нағыз рухани өнері ғой.

Астанада айтыс өтсе, парламенттегі депутаттарға, министрліктегі ақжағалыларға жүздеген билет таратылады. Мен «Олар айтысқа келмейді. Әуре болмаңдар» деймін. Айтқанымдай, ол жақтан ешкім келмейді. Келсе, сөз тиюі мүмкін?

Қазақ «Ер болсаң бопсаға шыда» дейді ғой. Бірақ олар сөзге шыдамайды. Сондықтан айтысқа ат ізін салмайды.

 

СауалдасқанЖарас Кемелжан


 

 

Рекомендовать
Последние новости