Астана сотында Бишімбаевтың ата-анасының талап-арызы қаралып жатыр

Сағыныш Сардарова 29 апр. 2025 10:40 497

Астана сотында Қуандық Бишімбаевтың ата-анасының талап-арызы қаралып жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Nege.kz мәліметінше, Астана қаласының Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында Уәлихан Бишімбаев пен Альмира Нұрлыбекованың Қайрат Кемеловке қарсы абырой мен қадір-қасиетті қорғау туралы арызы қаралып жатыр.

Қаңтарда AIRAN YouTube арнасында Бишімбаевтың анасы өзінің туысы Бекзат Кемеловаға қарсы қылмыстық іс қозғауға бастамашы болғаны туралы материал шыққан.

Болжам бойынша Бекзат Кемелова олардан 1 миллион долларды алдап алған және кейін қайтарудан бас тартқан. Күдіктінің күйеуі, сот-медицина сарапшысы Қайрат Кемеловтың айтуынша, Альмира Нұрлыбекова Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сараптама қорытындысына ықпал етуден бас тартқаны үшін олардан осылайша кек алып отыр.

Бишімбаевтар отбасының адвокаты Ерлан Ғазымжанов басылымға оқиғаның мән-жайын айтып берген.

"Тергеу амалдары жүріп жатқанда Бишімбаевтардың үйіне Бекзат Кемелова келіп (туысы Қайрат Кемеловтің әйелі – еск.) "Антикорда жұмыс істейтін күйеубаламнан естіп-білдім, "Қуандықтың туыстарының үйіне тінту жүргізеді екен. Тізімде 30 адам тұр, тек біздің фамилия жоқ" деп айтты. Сондықтан үйіңізде қымбат, бағалы дүниелер немесе ақша болса, бекерден-бекер күйіп кетпесін. Одан да біз алып, сақтап берейік. Керек кезде аласыз ғой..." – деп сендіріп әрі психологиялық қысым жасап, қорқытады. Ең қызығы ол бұл әрекетін күйеуіне айтпаған көрінеді.

Есіңізде ме, дәл сол уақытта ақпарат құралдарында "Бұлардың бүкіл ақшасын тексеру керек! Бәрін тартып алып қою керек!" деген жазбалар көбейді ғой. Одан кейін Нүкенованың әкесі "Бишімбаевтар байлығын тексеруді талап етемін. Олар ақшаны қайдан тауып жатыр?" деген сарында Президентке ашық үндеу жолдаған.

Бұл бар, екінші жағынан әлгі туысының айтқаны бар, Альмира Нұрлыбекова басында тартыншақтағандай болады. Бірақ ойлана келе, туысына сеніп, 1 млн долларын береді. Екіншіден, аяқ астынан доллар өсіп кеткенде жиған-тергені сәл де болса сақталады деп ойласа керек. Содан ешқандай тінту шарасы жүргізілген жоқ. Сот өтіп, Қуандық Бишімбаевқа жаза тағайындалған соң, Альмира несиесін, шығынын төлеу үшін ақшасын сұрайды. Бірақ неге екені белгісіз, күнде "ертең", "келесі апта" деп жүріп, ақыр соңында "Бізде ешқандай ақша жоқ. Біз сіздерге ештеңе бере алмаймыз" деп сөзінен тайқып шыққан", - деген адвокат.


Рекомендовать
Последние новости