ҚМА Қарағанды облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен ірі көлемдегі есірткі заттарын заңсыз тасымалдау дерегінің жолын кесті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Арнайы операция барысында Таиланд корольдігінен есірткі арнасын ұйымдастырған адам әшкереленді
"Қылмыстық әрекетін жасыру мақсатында күдікті өзінің танысы – кәмелетке толмаған жасөспірімді "дроп" ретінде пайдаланып, есірткі салынған сәлемдемені "Қазпошта" АҚ арқылы оның атына рәсімдеген. Жеке тінту кезінде одан 1,3 келі есірткі – каннабис WAX тәркіленді", - деп жазылған хабарламада.
Тергеу барысында күдікті Қарағанды қаласында Telegram мессенджері арқылы "жертөле" әдісімен есірткі таратқаны да анықталды.
Күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.