Ақтаудағы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соттың қаулысына сәйкес, прокурор Ерболат Әбдіровке қатысты іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу дерегінше, 27 тамыз күні сағат 23:00 шамасында Air Astana әуе компаниясы өкілдері ер адамның жолаушыларға тиісіп, оларды қорлап, қоғамдық тәртіпті бұзғаны жөнінде шағым түсірген.
Сотта Әбдіров өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол оқиға ұшаққа апаратын автобуста болғанын, мұндай арнайы көлік қоғамдық орынға жатпайтынын, сондықтан бұл жағдайда қоғамдық тәртіпті бұзу туралы айтуға негіз жоқ екенін жеткізді.
“Өзімді әдепті ұстадым, әрекеттеріме толық есеп бердім, жағдайым қалыпты болды. Әуежай ғимаратында бірнеше тексеруден өткен соң ғана әуе компаниясының қызметкерлері мені рейстен түсірді”, – деді прокурор.
Медициналық сараптама оның жағдайы қалыпты болғанын растады. Куәгерлер де оның бейәдеп сөздер қолданбағанын айтты.
Сот Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық») бойынша қозғалған істі қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатты.
Еске салайық, Ақтау прокурорының ұсталғаны жайлы 9 қыркүйекте белгілі болды. БАҚ-та оның мас күйінде жанжал шығарғаны туралы ақпарат тараған. Оқиға оның еңбек демалысы кезінде орын алғаны айтылды.
Ерболат Әбдіров 2024 жылдың ақпан айында Ақтау қаласының прокуроры болып тағайындалған.