Жалпы аймақта 2018-2021 жылдар аралығында археология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасы қолға алынған.
Бұл ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тарихын зерттеу және Қазақстанның мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында қолға алынған.
Алтай – көшпенділердің технологиялық дамуына және түркі әлемінің қалыптасуына негіз болған Еуразия өркениетінің діңгегі. Сондықтан да халықаралық деңгейдегі конференцияның дәстүрлі түрде Шығыста өткізілу бекер емес.
Жалпы, биыл бағдарлама барысында отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен қазақ ұлтының мәдениетін, өзіндік ұлттық кодын сақтау мақсатында қолға алынған шараларды оңтайлы шешу көзделген.
Конференция барысында ел және шетелдік меймандар өздерінің зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ортаға салды. Түптеп келгенде ауқымды шараның діттегені – халықарылық ғылыми қауымдастықты өңірдің археологиялық әлеуетімен таныстыруға негізделген.
Республика бойынша өңірдегі 13 қасиетті жер Қазақстанның киелі нысандарының тізіміне еніп отыр.
Сондай-ақ, конференция қонақтары «Үржар ханшайымы» және танымал археологтар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаев жүргізген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде табылған «Алтын адам» археологиялық реконструкция көрмесімен танысты.
Әсіресе, меймандарды Елеке сазы және Шілікті қорымдары, қазақтың ұлттық сәндік-қолданбалы көрмесі қызықтырды. Елге есімдері мәшһүр суретші Е. Садырбаев пен мүсінші Ю.Костанянцтың жұмыстары қойылған көрмені тамашалауға көпшілік ынта білдірді. Конференцияның ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова:
– Шығыс Қазақстан Елбасы мақаласына алғашқылардың бірі болып белсенділік танытқанын, 2016 жылдан бері жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Шығыс өңірінде 25000 астам артефактар табылғанын, мұндай сенсациялық жаңалықтар ежелгі мәдениетті ғылыми тұрғыда зерттеуге мүмкіндік туғызды, – деп атап өтті.
Сонымен қатар «Алтай – Тарбағатай қола дәуірінен ерте орта ғасырға дейін» ғылыми жобасының жетекшісі, танымал археолог Зейнолла Самашев өз баяндамасында Елеке сазында жүрзілген зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне тоқталып, ежелгі сақ дәуірінің мәдениеті туралы айтып өтті. Шара барысында қонақтар назарына Шығыс Қазақстан облысындағы археологиялық зерттеулердің нәтижелері турасында жасалған фильмдер ұсынылды. Шет елдік ғалымдардың қатысумен ашық дәрістер оқылды.
Әсем ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, Өскемен қаласы
Тағы оқыңыз:
https://dalanews.kz/46269