Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты: жүргізуші туралы жаңа деректер пайда болды

Көркем Алдабергенова 24 мар. 2026 12:12

Алматыдағы үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды. Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, Zeekr 9X көлігін 32 жастағы көлік саласында жұмыс істейтін кәсіпкер басқарған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналистің жазуынша, қайғылы оқиға 21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған. 009JET мемлекеттік нөмірлі Zeekr көлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

Соқтығыс салдарынан жеңіл көлікте болған үш адам – 29 жастағы жүргізуші және 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз қаза тапты. Ал жол талғамайтын көлікті басқарған ер адам ауыр жарақат алған: оның қабырғалары, жамбас сүйегі және оң аяғы сынған.

Михаил Козачковтың айтуынша, оған оқиғаға қатысты анықтама да жіберілген.

Құжаттағы мәліметке сәйкес, Zeekr көлігінің жүргізушісі – Алматының жоғары бөлігінде тұратын 32 жастағы Александр Пак. Оның атына екі компания тіркелген: «ГУ ХОЗУ Алматы» және «Глобал Партнер» ЖШС. Ол екі ұйымның да құрылтайшысы.

Бірінші компания 2025 жылы ғана тіркеліп, бір жыл ішінде шамамен 500 мың теңге салық төлеген. Ал екінші компания – «Глобал Партнер» – 2024 жылдың күзінен бері бюджетке 50 миллион теңгеден астам салық аударған. Бұл кәсіпорынның айналымы едәуір жоғары екені байқалады. Сарапшылардың айтуынша, Zeekr 9X автокөлігінің құны шамамен 100 мың доллар.

Журналистің пікірінше, күдіктінің қаржылық мүмкіндігі оның жауапкершіліктен жалтаруына негіз болмауы тиіс. Ол кінәлі адам міндетті түрде сот алдында жауап беріп, жаза алады деп есептейді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Алайда бұл істе маңызды жайт бар. Куәгерлердің айтуынша, қайғылы түнде Zeekr 9X басқа көлікпен жарысқан болуы мүмкін.

Журналист мұндай жағдайларда бірқатар елдерде жаза әлдеқайда қатаң екенін атап өтті. Мысалы, Ресейде осындай құқықбұзушылық үшін 15 жылға дейін, АҚШ-та 20 жылдан астам, ал Германияда кей жағдайларда өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Оның пікірінше, Қазақстан заңнамасында да осындай жағдайларға қатысты жауапкершілікті күшейту мәселесін қарастыру қажет.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove