Алматыда «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этнофестивалі өтеді

Dalanews 25 авг. 2023 10:52 2163

Алдымыздағы 2-3 қыркүйек күндері Алматы қаласындағы «Боралдай» сақ қорғандарында «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» Халықаралық этнофестивалі өтеді. Қала күніне орайластырылған фестиваль «Алматы – Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туристік астанасы» жобасы аясында ұйымдастырылған.

Шараның басты мақсаты – көшпенділер мәдениетін, ежелгі тарихы мен салт-дәстүрін көрсету. Фестивальда көшпенділердің жауынгерлік ойындары, саятшылығы, ат баптауы, тағамдары, қолөнері т.б көптеген тұрмыс-тіршілігі  көрсетіледі.

Шараға жиналған халық түрлі сайыстарды тамашалап, қызықты шеберлік сабақтарға қатысып, көшпенділердің өткен дәуіріне саяхат жасайды.

Фестивальде Әзербайжан, Түркия, Мажарстан (Венгрия), Малайзия, Башқұртстан, Дағыстан, Чувашия, Алтай,  Бурятия, Өзбекстан және Қырғызстан сынды 10 нан астам мемлекеттен жиналған ең мықты этномузыканттар мен спортшылар өнер көрсетеді.

«Ұлы дала – көшпенділер әлемі» Халықаралық фестивалінде 50-ге жуық киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар құрылды.

Этно ауылда түйе бау, бие бау, тас диірмен тарту, келі түюдің қыр сырын білуге болады.

Ал ат ойындары аймағында көкпар, қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, асауға құрық салу, асауды үйретіп міну өнерін тамашалайсыздар.

Садақшылар мен найзашылар аймағында садақшылар сайысы, найза шаншу, садақ атуды үйренуге болады.

Шеберлер аймағында. жүн сабау, ұршық иіру, киіз, текемет басу, алаша, кілем, ши, кесте тоқу, зергерлік бұйымдар жасау және шеберлік сабақтары өтеса, ұсталар аймағында ер-тұрман, қыш-құмыра жасау, ағаш, темір, сүйек, көрік басу және ұсталардың шеберлік сабақтарына қатысуға болады.

Сонымен өқатар жастар аймағында алтыбақан, қыз бен жігіт айтысы, қолкүрес, арқан тартыс, ұлттық ойындар, атқа мініп серуендеуге болады.

Балалар аймағында балалар киіз үйлері, логиканы дамытатын ойын алаңқайы, ұлттық ойындар, қуыршақ театры, қолөнер, сурет салу;

Құсбегілер мен саятшылар аймағында мұражай жұмыс жасайды, бүркіт, ителгі, қаршыға ұшыру, құмай-тазыны аңға салудың құпиясымен таныса аласыз.

Көшпенділердің тағамдары аймағында жерге көміліп піскен қой, құс еттері, шоққа піскен таба нан, балқуырдақ, әсіп, бүрмеқарын, үлпершек, балқаймақ, бауырсақ, құрт, ірімшік, қымыз, шұбат түрлерінің дәмін татуға болады.

Сахна және шоу-көріністер аймағы:

а) Саятшылардың шоу бағдарламалары;

ә)  Әртүрлі  мемлекеттердің жауынгерлік ойындар көрсетілімі;

б) Шетелдік және Қазақтандық этнотоптар концерті (Ұлытау, ХасСақ)



Фестиваль 2-3 қыркүйек күндері сағат 10.00-18.00 аралығында өтеді.

Өтетін орны: Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Боралдай» сақ қорғандары. Тұрғындарды фестиваль аймағына жеткізу жағы қарастырылған.

1.Орталық стадион

  1. Н.Сац атындағы театр Шаляпин- 22 (Алтынсарин даңғылы жағынан)

  2. "Алатау" дәстүрлі өнер театры (Момышұлы көшесі жағынан)

  3. Алматы-1 темір жолы (Автотұрақ)


Фестивальға кіру тегін.

Байланыс телефоны: +7 707 730 61 68

 

Рекомендовать
Последние новости