Алматыдағы Шымбұлақ тау-шаңғы курортында орналасқан Gusto мейрамханасы үлкен даудан кейін қонақтарға қазақ тілінде қызмет көрсетуді қолға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Видеода қызметкерлер келушілерді қазақша сөйлеп, қарсы алып жатқаны көрінеді.
“Мемлекеттік тілді меңгеру - елге, мәдениетке және келушілерге деген құрметтің белгісі. Біздің командада түрлі ұлт өкілдері жұмыс істейді. Олардың көпшілігі қазақ тілін саналы түрде үйреніп, қызмет барысында қолданып жатыр. Бұл талпыныстарын бағалаймыз және қолдаймыз”, - делінген ресми хабарламада.
Gusto өкілдері қызметкерлер қазақша акцентпен сөйлесе де, тіл үйренуге ынталы екенін атап өтті.
“Тіл - қолданғанда ғана дамиды. Біз өзара құрмет пен қолдауды құптаймыз”, - деді мейрамхана басшылығы.
Айта кетейік, бұған дейін аталған мейрамханының әкімшісі Елена заңгер Мейірман Шекеевпен кездесіп, оның Instagram парақшасында видео арқылы халықтан кешірім сұраған еді.
“Мен Қазақстан азаматымын және халқымнан кешірім сұраймын. Эмоцияға беріліп “КСРО-да тудым” деп айтқаным үшін кешірім өтінемін. Ешкімді ренжіту ойымда болмады”, — деді ол.
Видеода Мейірман Шекеевтің мейрамханаға барып, мәзірдегі қателерді түзетуді сұрағаны да көрінеді. Ресторан әкімшілігі жағдайға байланысты кешірім сұрап, мәзірді түзетуге уәде берген.
Айта кетейік, бұған дейін мейрамхана әкімшісі қазақша қызмет көрсетуден бас тартып, сынға қалған еді. Кейін қызметкер жұмыстан шығарылды.
