Алматыда кәмелетке толмағандарға арналған түзету мекемесінде жасөспірім сотталушы қашпақ болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл дерек бойынша қылмыстық және қызметтік тергеу басталды.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматыдағы кәмелетке толмағандарға арналған колониядан екі жасөспірім сотталушы қашып кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Хабарламада олардың біреуі бірден ұсталғаны, ал екіншісі жасырынғаны айтылған.
Алайда Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) ресми жауабында мұндай деректі нақтылап, тек бір сотталушы ғана қашуға әрекеттенгенін растады.
«Кәмелетке толмаған сотталғандарға арналған мекемеде қашу әрекеті тоқтатылды. Сотталушы жедел түрде ұсталды. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, болған жайттың барлық мән-жайын анықтау үшін қызметтік тергеу тағайындалды», - деп мәлімдеді ҚАЖК.