Алматыда экстремизм мен терроризмнің алдын алу жолдары талқыланды

Ақтоты Жапатова 17 июл. 2025 18:00

Алматы қаласында жоғары оқу орындары мен білім беру мекемелерінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу тақырыбында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Терроризмге қарсы күрес тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады. Террористік актілердің салдары бейбіт тұрғындарға, экономика мен қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына зор зиян тигізеді.

Осы бағытта Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Тарих және құқық факультетінің оқытушысы Нұрлан Орынбеков Алматы қалалық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелеріне арналған екі күндік семинарға қатысты. Семинарға Алматы қаласы Діни істер басқармасының өкілдері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Терроризмге қарсы дайындық орталығының мамандары және белгілі қоғам қайраткерлері қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Шара барысында қатысушыларға терроризм актісі орын алған немесе оның қаупі туындаған жағдайда қандай іс-қимыл жасау қажеттігі түсіндірілді. Түркісіб аудандық Ішкі істер басқармасының қызметкері Қайынбай Дастан Қанатұлы арнайы дәріс өткізіп, шұғыл эвакуация тәртібі, күмәнді заттармен жұмыс істеу ережелері және жарылғыш құрылғы белгілерін ажырату жолдарын егжей-тегжейлі баяндады.

Сондай-ақ, №1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық-педагогтік колледжінің оқытушылары мен студенттері терроризмнің себептері мен зардаптарын талқылап, оның алдын алу бағытындағы шаралардың маңызын атап өтті.

Ал №178 мамандандырылған лицейдің ұжымына Алматы қаласы Полиция департаментінің экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімінің аға лейтенанты Бектұр Әбутәліпов «Терроризм актісінің қаупі туындаған және терроризм актісі жасалған жағдайдағы іс-әрекеттер» тақырыбында дәріс оқыды.

Кездесуге қатысқан ұстаздар мен мамандар балалар мен жастар арасында діни радикализмнің алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Мамандардың пікірінше, экстремизм мен терроризмнің алдын алу — тек мемлекеттік құрылымдардың емес, сонымен бірге әрбір азаматтың, ата-ананың және педагогтің ортақ міндеті.


Рекомендовать
Последние новости