Алматы облысында жоғалып кеткен тікұшақтың бөлшектері болу мүмкін фрагменттер табылды

Кәмшат Тілеухан 26 июл. 2025 11:16

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Отар елдімекені маңында байланыс үзілген ҚР Әуе қорғаныс күштерінің тікұшағына қатысты оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша іздестіру-құтқару жұмыстарын тәулік бойы жүргізуде. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Командалық орталығында жүргізілген ғарыштық мониторинг барысында Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінің акваториясында майға ұқсас дақ анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"ТЖМ құтқарушылар тобы шұғыл түрде аталған аймаққа шықты. Іздеу жұмыстары түнгі уақытта да жалғасты. Жұмыс барысында Қорғаныс министрлігіне тиесілі болуы мүмкін әуе кемесінің фрагменттері табылды. Оқиға орнында ТЖМ құтқарушылары жұмыс істеуде. Арнайы жабдықтар пайдаланылуда: эхолоттар, ұшқышсыз ұшу аппараттары және суасты дрондары", - дейді ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына жеке құрамнан 200-ге жуық адам, 40 бірлік техника, 15 су көлігі, 4 кинологиялық есептоп және 2 ТЖМ әуе кемесі тартылған.

Айта кетсек, кеше Алматы облысында Қарулы Күштер Әуе қорғанысы күштерінің ЕС-145 тікұшағы жоспарлы ұшу кезінде радардан жоғалып кетті. Алдын ала мәлімет бойынша, бортта үш экипаж мүшесі болған.

Рекомендовать
Последние новости