Алматыда наурыз айының басында әуежай қызметкерін кепілге алған 67 жастағы Машрапбек Баратовқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
9 сәуірде өткен екінші отырыс Мұса Әбдірайымовтың адвокаты түсірген өтінішті қараудан басталды. Еске салсақ, Әбдірайымов сол күні қыздың орнына өзін кепілге алуды ұсынған болатын.
Адвокат оны жәбірленуші ретінде тануды және істі қосымша тергеуге қайтарып, прокуратураға жолдауды сұрады.
Алайда Әбдірайымов бұл ұсыныспен келіспейтінін білдіріп, өзін жәбірленушілер қатарына қоспауды өтінді. Оның айтуынша, қызды өз еркімен құтқарып, оқиға кезінде денсаулығына ешқандай зиян келмеген.
Оқиғаның мән-жайы
7 наурызда Алматы әуежайында қолында суық қаруы бар ер адам қызметкерді кепілге алды. Желіде әуежайда түсірілген видео тарады. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адам қыздың шашынан ұстап алғанын байқауға болады. Оқиға ішкі терминалда болған.
Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, ер адам өзін жолаушы ретінде көрсетіп, рейс алдындағы қауіпсіздік аймағына жақындаған. Қызметкерлер одан құжатын сұраған кезде ол қызметкерді пышақпен қорқытқан. 7 минуттан кейін шабуылдаушы ұсталып, қамауға алынды.
Кейін Президент Алматы әуежайындағы оқиғаға қатысты батыл азаматты марапаттады.