Алаш ұстанымы

Dalanews 28 мар. 2017 13:01 1479

Жуырда Қыздар университетінің ұстазы, ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенованың «ХХ ғасыр басындағы әдебиет және Алаш ұстанымы» атты кітабы жарық көрді.

Ғалымның бұл еңбегі ХХ ғасырдың басындағы тәуелсіздік жолында мерт болған Алаш қайраткерлерінің ұлттық ұстанымына негізделген. Онда ХХ ғасырдың басындағы әлеуметтік жағдай мен рухани өмірдегі  өзгерістер және сол кезеңнің қайталанбайтын тұлғалары арқылы ұлттық дамудың көркемдік кеңістігі ғылыми-әдістемелік тұрғыдан сарапқа салынған.

[caption id="attachment_25262" align="alignleft" width="241"] Руда Зайкенованың кітабы[/caption]

– Алаш пен Алашордаға байланысты көзқарастың жаңа тынысы ашылды. Елінің ертеңін ойлаған Алаш алыптарының ұстанымын заманның көкейкесті мәселелерімен сабақтастыра отырып, қазақ топырағындағы бүгінгі жаңғырығын әлемдік әдебиет ауқымында түлете білу – өте күрделі мәселе. Бұл оқулықтың ерекшелігі, біріншіден, үш бағыт: күрескер-ұлтшылдық, діни-милләтшілдік бағыт, ағартушы-демократтық бағыт өкілдері бойынша алып тұлғалардың өмірбаяндары мен шығармашылық еңбектері жүйеленіп берілді. Яғни, үш топқа бөліп, жіктеп берілді. Екіншіден, ХХ ғасыр басындағы әдеби үрдіс пен оның тұлғалары бір шоқатқа шоғырландырылды. 50-ге жуық қаламгердің өмірі мен шығармашалығы бүгінгі оқытудың инновациялық талабына сай бірінші рет тұтас ұсынылып отыр.  Сонымен қатар, кітапта Алаш ұранды әдебиеттің көшбасшыларымен бірге тізе қосып, келешек ұрпақ қамы үшін көптеген мақала жазып, тауқыметті өмір азабын бірге көтеріскен С.Асфендияров, Х.Ғаббасов, М.Шоқай, М.Тынышбайұлы, С.Аманжолов, Б.Құлманов, Б.Мәметов сынды   көрнекті тұлғалар туралы да мәліметтер бердім. Оқулықта сондай-ақ, ХХ ғасырдың басындағы баспасөз мәселесі мен  сал-серілер поэзиясы да толық қамтылып, біршама шығармалар контекстік оқу әдісі бойынша берілді, – деді автор Р.Зайкенова. Ұзақ жылдар еңбегін арнаған ғалымның айтуынша, бұл оқулық Алаш Орданың 100 жылдық мерейтойына арнайы тартуы.

Кітап «Қазақ әдебиеті тарихы» курсы бойынша жоғары оқу орындарында оқылатын дәрістерде, семинарларда, практикалық сабақтарда пайдалануға және арнаулы курс жүргізуге көмекші құрал ретінде қазақ әдебиеті мен тарихы пәндерінің мұғалімдеріне, студенттерге, жоғары сынып оқушыларына, сондай-ақ жалпы әдебиет сүйер  көпшілік қауымға арналған.

Атап өте кетейік, бұл еңбек Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Ғылыми кеңесінде және Абай атындағы ҚазПУ-дың «Білім» тобындағы мамандықтар бойынша оқу-әдістемелік бірлестігінде талқыланып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік грифін алған.

Оқулық «Мектеп» баспасынан 500 данамен жарық көрді.

Келешек ұрпақтың азаттығы жолында қасық қанын аямай, арманда кеткен арыстарымыздың ерлік істерімен, олардың ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетімізге қосқан өлшеусіз үлестерімен жете танысуда бұл оқулықтың маңызы зор. Өткен күніңді, тарихыңды білмей, келешектің кемел боларына сену қиын. Өткенімізді өшірмей, келешекке аманат ету парызымыз. Сонда ғана біздің жастарымыз жаһанданудың шылауына кетпей, елін, жерін шын сүйетін патриот болып қалыптасып, азаттық пен бодандықтың ара жігін ажыратып, сол арқылы тарихтың ащы сабағын салмақтай отырып, егемендігімізді бағалап, тәуелсіздіктің іргесін бекітуге қызмет етері сөзсіз.

 

«Қыздар университеті»  медиа орталығы

Рекомендовать
Последние новости