Алакөлде 10 елді мекеннің жолдары жөнделіп, ауызсу желілері жаңаруда

Ақтоты Жапатова 30 июл. 2025 16:20

Өткен жылдары республикалық маңызы бар «Талдықорған-Үшарал», «Үшарал-Достық» автомобиль жолдары қайта жаңғыртудан өткізіліп, ел игілігіне қолданысқа берілген болатын. Ендігі кезекте ауданның облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары кезең-кезеңімен жөнделеді. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Алакөл ауданының тұрғындарымен кездесуі кезінде айтылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Облыс әкімі кездесу барысында аудандағы инфрақұрылымды дамыту туралы тұрғындарға кеңінен айтып берді.  

- Ауылдық жерлердегі жолдың жағдайы – халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселенің бірі. Сондықтан биыл ауданның жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу мен күтіп ұстауға 3,6 млрд. теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде облыстық маңызы бар Қабанбай-Тоқжайлау, Қабанбай-Лепсі бағытындағы автомобиль жолдарында асфальт жамылғыларын кесу, су өткізу құбырын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстардың қарқынын арттыру керек. Биыл күзде құрылыс жұмыстары аяқталады. Облыстың автомобиль жолдары басқармасы жол құрылысын уақытылы және сапалы аяқталуын қамтамасыз етуі тиіс, - деді Бейбіт Исабаев.

Өңір басшысының сөзіне сүйенсек, Жамбыл ауылына кіреберіс, Арқарлы ауылына дейінгі автожолдар да жөнделеді. Он елді мекеннің 24 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілудеСоның ішінде Үшарал, Бұдыр, Қазақстан, Балапанов, Қабанбай, Архарлы, Жыланды, Қамысқала ауылдарында жөндеу жұмыстары бітті, қалған Қайнар, Жанама ауылдарындағы жөндеу жұмыстары қарашада аяқталады.

Ауыз су мәселесіне келсек, аудандағы 56 елді мекеннің 48-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Ал Қоңыр ауылы ауыз суға биыл қосылады. Қалған 7 ауылда көп дегенде 20-дан астам үй ғана тұратындықтан, оларды орталық су жүйесін тарту экономикалық жағынан тиімсіз болып отыр.

- Өткен жылы ауыз су сапасын жақсарту үшін Бибақан ауылы орталық сумен жабдықтау жүйесіне қосылып, Теректі, Көктұма, Екпінді ауылдарында қайта жаңғырту жүргізілген болатын. Сондай-ақ Тоқжайлау ауылында осындай желінің құрылысы аяқталды, қазіргі уақытта іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Өздеріңіздің өтініштеріңіз бойынша Бұлақты ауылында су желілерін қайта жаңғыртуға құжаттар әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Келесі жылға республикалық бюджетке өтінім берілді, - деді ауыз мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталған облыс әкімі.

Сол сияқты тұрғындар тарапынан орталық жылумен қамтамасыз ету мәселесі бірнеше рет көтерілгені ескеріліп, Үшарал қаласында орталық қазандықты қайта жаңғырту жобасы іске асырыла бастады. Қажетті қаражат толығымен бөлінді. Бүгінгі күні  жұмыстар 80%-ға орындалған. Нысан жылыту маусымына дейін іске қосылады.


Рекомендовать
Последние новости