Әділет министрлігін басқарған Бекетаев 9 жылға сотталды

Көркем Алдабергенова 30 июн. 2025 17:14

Әділет министрлігін басқарған Марат Бекетаев 9 жылға сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Антикордың ресми өкілі Данияр Бекайдаров айтты. 

"Марат Бекетаев мүлкі тәркіленіп, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Бекетаевқа қатысты қылмыстық іс аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу дерегі бойынша тіркелді. Тергеу “құпия” белгісімен жүргендіктен барлық іс материалдары жария етуге жатпайды", - дейді Данияр Бекайдаров. 

Еске салайық, антикор экс-министр Марат Бекетаевтың ісі 3 наурызда сотқа жіберілгенін хабарлаған еді.

"Агенттік бұрынғы әділет министрі Бекетаевқа және басқа да тұлғаларға қатысты алаяқтық, аса ірі көлемде қаржы жымқыру және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. 3 наурызда қылмыстық іс сотқа жіберілді", деді Антикор.

Еске салайық, бұған дейін Жоғары аудиторлық палатасаның төрағасы Әлихан Смайылов бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтың ісіне қатысты мәлімдеме жасаған еді.

Оның сөзінше, Жоғары аудиторлық палатасы 2023 жылы Әділет министрлігінде тексеріс жүргізген.  

"2023 жылғы мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес, Жоғары аудиторлық палатасы Әділет министрлігі мен оның құрамындағы ұйымдардың республикалық қаржыны кейбір бюджеттік бағдарламалар бойынша қалай қолданғанын тексеру үшін аудиторлық шаралар өткізілді. Біз шығарған шешім Антикорға беріліп, осы іске қатысты кейбір тұлғалар ұсталды. Әзірге басқа нәрсе айта алмаймын, себебі қазіргі таңда іс Антикордың бақылауында", - дейді Әлихан Смайылов. 

Палата төрағасы Бекетаевтың нақты не үшін ұсталғанынан бейхабар екенін, бірақ Жоғары аудиторлық палатасы тексеріс жүргізіп, қорытындысы Антикорға берілгені факт екенін атап өтті. 

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палатасы Әділет министрлігінде және "Болашақ" консалтингтік компаниясына қарсы тексеру жүргізгенін хабарлаған болатынбыз. Тексеру қорытындысы әзірге құпия және қылмыстық іс аясында материалдар тәркіленді.

Шілде айында Антикор Марат Бекетаевқа қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады. Ол жеке компанияның басшылығымен бірге бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырып, алаяқтық жасады және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты деген күдікке ілінді.

Антикор бұрынғы әділет министрін 2023 жылдың 21 қазанында елден қашып кетпек болған кезінде ұстаған еді. 


Рекомендовать
Последние новости