Абай облысының аумағы анықталды

Dalanews 07 апр. 2022 06:24 1731

Жаңадан құрылатын Абай облысы мен Шығыс Қазақстан облысына қандай аудандар берілетіні мәлім болды. Бұл туралы бүгін Өскеменде өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XIV сессиясында айтылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту барысында Тарбағатай ауданының құрамынан Ақсуат және Тарбағатай аудандарын, ал Көкпекті ауданының құрамынан Самар және Көкпекті аудандарын бөлу жолымен жаңа аудандар құру туралы шешім қабылданып отыр.

Алдағы уақытта Тарбағатай ауданының әкімшілік орталығы – Ақжар ауылы, Ақсуат ауданының әкімшілік орталығы – Ақсуат ауылы, Самар ауданының әкімшілік орталығы – Самар ауылы, Көкпекті ауданының  әкімшілік орталығы – Көкпекті ауылы болып өзгермек.

Территориялық бөліністерге сәйкес Шығыс Қазақстан облысының аумағы 97,8 мың шаршы метр болады. Құрамына 9 аудан және 2 қала кіреді.

Абай облысының аумағы 185,5 мың шаршы метрді құрайды, ал құрамына 8 аудан және 2 қала кіреді.

Атап айтқанда, ШҚО аумағында – Өскемен, Риддер қалалары, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Самар, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха, Алтай аудандары қалады.

Абай облысына – Семей, Курчатов қалалары, Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандары қарайды. Жаңадан құрылатын облыс халқының саны – 638,3 мың адамды құраса, Шығыс Қазақстан облысының халқы – 717,6 мың болмақ, бұл облыс халқының 53 пайызы.


Абай облысында сәйкесінше 47 пайыз. Өнеркәсіптердің 68 пайызы – ШҚО-да, 32 пайызы – Абай облысында қалмақ.  Екі облыстың қала-аудандары 1997 жылы Семей облысы қосылғанға дейінгі территориялар бойынша бөлінді

Сессияда жаңадан құрылатын Абай облысына қатысты аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің пікірін білдірді.

– Семей өңіріне шамамен 354 млрд теңге шамасында инвестиция салынғанын атап өткім келеді. Тұрғын үй құрылысы, инженерлік-коммуналдық және жол-көлік инфрақұрылымы, білім беру және денсаулық сақтау салаларында бірқатар ірі жобалар іске асырылды. Өзекті экологиялық мәселені шешкен дюкерді жөндеу, елдегі алғашқы Радионуклидтік терапия бөлімшесі бар ядролық медицина орталығын іске қосу, Қарағайлы жаңа шағын ауданын, көп бейінді спорттық-мәдени кешенін салу және әуежайды қайта жаңарту тағы басқалары табысты мысал бола алады. Жылдар бойы мәселелері қордаланған Семей қаласы бүгінде танымастай өзгерді. Осының бәрі Сіздер мен біздердің еткен еңбектеріміздің арқасында мүмкін болды. Шығыс Қазақстан облысының, сондай-ақ қазіргі Абай өңірінің өркендеуіне қомақты үлес қосқан әрбір жанға алғыс айтамын, – деді облыс басшысы.

Сондай-ақ, Алаштың рухани ордасы Семейді дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыруға 260 млрд теңге қарастырылған, алдағы төрт жылға бірқатар ірі және маңызды жобаларға ЖСҚ да дайын.

Бүгінде жаңадан құрылған облыстың мықты қаржылық негізін өнеркәсіптік алыптар – Ақтоғай кен-байыту комбинаты, Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорындары, сондай-ақ орта бизнес объектілері өңірдің экономикасына қан жүгіртпек.

Сессияның қорытындысында бірлескен қаулы мен шешім Үкіметке жолданды.

Рекомендовать
Последние новости