Абай облысының Полиция департаменті әлеуметтік желілерде тараған, шетелдік азаматтарға қатысты орынсыз әрекеттер көрсетілген видеоролик бойынша жедел шаралар қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Полиция қызметкерлері бейнежазбаға қатысы бар екі адамды анықтап, оларды бөлімшеге жеткізген. Анықталғандардың бірі — бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған, оның ішінде бұзақылық, есірткі заттарын заңсыз сақтау және 2022 жылғы сот үкімімен денсаулыққа ауыр зиян келтіру деректері бар. Ол төрт жылға бостандығы шектеліп, қазіргі уақытта пробациялық бақылауда тұр.
Екі азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сот қаулысымен:
-
Бұрын сотталған ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды;
-
Оның жанында болған екінші азаматқа 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Полиция департаменті қоғамдық тәртіпті бұзатын және Қазақстанның халықаралық беделіне нұқсан келтіретін кез келген әрекеттер қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті. Өңірде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілген режимде жалғасуда.
