Жазушының сүйегі автостансаның астында қалды

Dalanews 07 мау. 2019 03:45 298

Жазушы Шерхан Мұртаза қазақ әдебиеті тарихында елеулі тұлға саналатын Саттар Ерубаев жайында бір өзік сыр айтыпты. Әлігіні оқып ет-жүрегіміз езіліп кетті. Өкінішке толы үзік сыр ғибрат алу үшін әдейі жариялап отырмыз.

– Саттар киелі Түркістанда туып, өскен. Өзі жазғандай, оның жөпірейген үйі қаланың шет жағында, теміржолға жақын екен. Көршісі жұмыстан кешке қайтқанда бір бөлке нан алып келсе, оның әйелі баласына: «Е, балам, бағың бар екен, әкең нан әкелді» дейді екен. Саттар: «Бақыт деген нан екен деп ойлаушы едім» дейді.

«Лениншіл жастың» отызыншы жылдардағы тігіндісі сақталса, әр нөмірінен дерлік Саттар Ерубаевтың қайнар публицистикасы табылады.

Әлі есімде, Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков бізге қыршын кеткен Саттар Ерубаевтың моласын іздеп табуға тапсырма берді. Бір қарт комсомолдардың айтуынша, Саттар Алматы қаласындағы қазіргі Райымбек көшесінің бойындағы зиратта жерленген екен. Бірінші хатшының тапсырма беру себебі – осы зират таяуда тегістеліп, орнына автостанса салынбақшы болғандықтан, ұлтжанды азамат тез арада Саттардың моласы тауып, сүйегін басқа зиратқа жерлеп, басына белгі қоюды ойлаған ғой.

Өкінішке орай, қазақ әдебиетінің жайсаң тұлғасы Саттардың моласы табылмады. Белгі жоқ. Бізге карт комсомолдар көмектесе алмады. Сөйтіп, Саттар автостанса астында қалды»

Иә, өзекті өртейтін өкініш. Қысқа ғұмырында қауатты туындылар жазып, қыршын кеткен қаламгердің айдың күннің аманында басын ағарту өзекті өртейтін өкініш екені анық.

Сол кезде Комсомалдың хатшысы, кейіннен Мәдениет министрі болған Өзбекәлі Жәнібековтың Саттар Ерубаевтың сүйегін тауып, басына белгі қою үшін жанталасуын неткен азаматтық десеңізші.

Қазіргі министрлер Жәнібековтың осындай істерінен үлгі алса қанеки. Бүгінгі министрлеріңіз, өлген қаламгерлер тұрмақ көзі тірі классик жазушыларды танымайтыны есіңізге түскенде, билік басындағы шенділердің туғна ұлтынан қаншалықты алыстап кеткенін байқауға болады.

Дәл қазір бізге ұлт мүддесі жолында жанын салып жұмыс істейтін Жәнібековтей азаматтың жетіспейді.

Нұрлан ЖҰМАХАН    

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x