Киевте жарылыс. Мариупольда бомбалар бұршақша жауып жатыр

Dalanews 24 ақп. 2022 06:45 162

Киев пен Одесса тұрғындары 24 ақпанда өз қалаларында орын алған жағдай туралы айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Татьяна Бринжак Киевте тұрады. Оның айтуынша, қазір қалада жарылыс дыбыстары естіледі.

– Әскерилер аэродромдар, әскери қондырғылар мен басқару орталықтары жарылып жатқанын, ресейлік әскердің солтүстік шекараны және Харьков облысындағы шекараны кесіп өткенін растады. Дәл қазір Путин Украина әскерінен қаруларын тастауды сұраған мәлімдемесі болды. Бірақ біздің бронды әскеріміз қандай да бір зымыран немесе ұшқышсыз зымырандарды атып жатыр. Олар күресіп жатыр, шабуыл бүкіл майданда өтіп жатыр. Мариуполды бұршақша бомбалап жатыр, – деді ол.

Бринжактың айтуынша, қазір Киевтен көп адам кетіп жатыр.

– Киевтің барлық көшесінде кептеліс. Қазір мен метроға бара жатырмын. Көшеде біреулер чемоданмен кетіп барады, біреулер иттерін қыдыртып жүр. Әрине, дүрбелең бар. Себебі, банкоматтарда кезекте тұрған адам көп. Харьковта да осындай жағыдай. Достарым адамдар жаппай кетіп жатқанын жазды. Киев мэрі кез келген уақытта қорғанатын жерге кіру үшін чемодан дайындап қоюды өтінді, – деп қосты ол.

Екатерина Кабакова Одесса орталығына жақын жерде тұрады. Ол бүгін жарылыс дыбысынан ерте оянғанын айтады.

– Бүгін таңғы сағат 5.00-де жарылыс дыбысынан ояндым, орталықтан алыс емес жерде тұрамын. Әскерлер стратегиялық нысандарға оқ жаудырды деген ақпарат бар. Одесса, Киев, Харьков қалаларында жарылыс болды. Сиреналар қосылмаған. Біз әлі үйде отырмыз, қазірше тыныш. Әрі қарай не істеу керек білмеймін, түсініксіз. Мен құжаттарды жақын жерге дайындап қойдым. Украинаның үстінен ұшу тоқтатылды, – деді ол.


Кабакова Одессада соғыс жағдайы енгізілгенін, қалада десанттық әскерлер орналасқанын айтты.

– Ресей ДХР мен ЛХР мойындағаннан кейін бүкіл Украинадағы сияқты Одессадағы өмір өзгерді. Халықта мазасыздық пен үрей пайда болды. Қазір әскерде туыстары бар немесе әскери жастағы туыстары халық қатты алаңдап отыр. Қала билігінен қосымша жарлықтар болған жоқ. Ер адамдар өздері аумақтық қорғаныс отрядтарына жазылып жатыр. Олар резервке қойылады, яғни төтенше жағдай немесе әскери жағдай енгізілсе, осы отряд барады. Олар қаланы күзетеді. Жазылғандар өте көп, бірақ олар жәй ғана резервте тұр. Жақсы жаңалық бомбадан жасырынатын жерлердің тізімі айтылды. Егер бірдеңе болса, адамдар қайда бару керектігін біледі. Жалпы көңіл-күй тұрақсыз, уайымға толы, – деп қосты ол.

Ал, жергілікті Telegram арналары Одессадағы жанар-жағармай құю бекеттерінде кезек көп екенін хабарлады. Банкоматтардан 1000 гривен ғана алуға болады, ол жақта да толассыз кезек. Мектептер қашықтан оқыту режиміне ауысты.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x