Қазақстандағы робототехниканың негізін қалаған тұлға

Dalanews 17 ақп. 2021 10:04 813

Академик Өмірбек Арыстанұлы Жолдасбековтың еліміздің жоғарғы білім беру саласына, парламентариясына, Ұлттық Инженерлік академиясының қалыптасып, оның дамуына сіңірген ерен еңбегі баспасөз бетінде кеңінен жариялануда, жариялана да береді.


Дегенмен де сан қырлы, сом тұлғалы мемлекет және қоғам қайраткерінің әлемге әйгілі болуында академиктің ғылым саласындағы соның ішіндегі машина жасау және робототехника салаларындағы еңбектерінің орны ерекше.


Әрбір мемлекеттің экономикалық дамуы сол мемлекеттің машина жасау саласының дамуына тығыз байланысты. Машина жасау саласы дамыған мемлекеттің экономикалық дамуы да жоғары болады. Оған мысал, әлемде экономикасы дамыған алпауыт мемлекеттердің бірі - Германия. Қазіргі кезеңде Германияның Фраунгофер орталығының бастауымен дүние жүзінде сандық технологияларға, робототехникаға, 3D принтингке негізделген 4.0 Индустрия революциясы өтуде.


          Машина жасау саласының теориялық негізі болып машиналар және механизмдер теориясы ғылымы болып табылады. Академик Жолдасбеков – осы машиналар және механизмдер теориясын Қазақстанда қалыптастырып дамытқан ғұлама ғалым. Машиналар және механизмдер теориясы ғылымының негізгі мақсаты механизмдер мен машиналардың құрылымдық, кинематикалық, динамикалық талдауы мен синтезі болса, қазіргі машиналардың электроникамен, басқару жүйелерімен жетілдіруіне байланысты осы ғылымның «өрісі» кеңейіп, ол әлемде қарқынды дамып келе жатқан алдыңғы қатарлы мехатроника және робототехника ғылымдарымен жалғасып жатыр.


          Мехатроника – механика, электроника, ақпаратты технология салаларын түйістіретін ғылым болса, робототехника осы мехатроника ғылымының өндіріске қажетті негізгі саласы болып табылады. Сондықтан академик Жолдасбеков – Қазақстанда мехатроника және робототехника ғылымдарының негізін қалаушы.



          Қазіргі кезде автоматты түрде басқарылатын қондырғылардың бәрі робот деп аталып жүр, мысалы, робот-ойыншықтар, робот-шаңсорғыш және тағы басқалар. Негізінде роботтың өндіріске қажетті функцияларын орындайтын механизмі немесе манипуляторы болуы қажет. Американың Роботтар Институты (RIA) анықтамасы бойынша робот дегеніміз программаланған көп функциялы манипулятор, яғни роботтың негізгі бөлімі оның манипуляторы немесе механизмі болып табылады.


          Өндірісте қолданып жүрген роботтар негізінен сериялық манипуляторлардан тұрады. Сериялық манипуляторлардың құрылымы адам қолының құрылымына ұқсас болғандықтан олардың жүк көтергіштігі, динамикасы нашар болады. Сондықтан дүниежүзілік робототехника саласында соңғы уақытта роботтардың манипуляторларына яғни механикасына көп көңіл бөлінуде.


          Қазақстанда Жапонияда сияқты алуан түрлі роботтар жасалмаса да, Қазақстан ғалымдарының халықаралық робототехника деңгейінде өз орны бар. Ол – параллель роботтар. Паралелль роботтардың құрылымы тұйық кинематикалық тізбекті манипуляторлардан тұрғандықтан олардың сериялық манипуляторларға қарағанда жүк көтергіштігі мен позициялау дәлділігі өте жоғары. Сондықтан параллель роботтарды тау-кен, металлургия, аэроғарыш өндірістерінде кеңінен пайдалануға болады


          Осы параллель роботтарды зерттеу халықаралық деңгейде жақында қолға алынып жатса, академик Жолдасбеков параллель роботтардың негізі болып табылатын жоғары класты механизмдерді зерттеуді өткен ғасырдың алпысыншы жылдары М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің механика-математика факультетінде дәріс алып жүргенде IFToMM президенті академик И.И. Артоболевскийдің ғылыми жетекшілігімен бастаған болатын. Осы ғылыми бастаманы Өмірбек Арыстанұлы қазақ еліне кеңінен таратып, қажымас және екпінді мемлекеттік, қоғамдық жұмыстарымен ұштастыра отырып, өз шәкірттерімен бірге жазық және кеңістік жоғары класты механизмдер теорияларын құрды, жүздеген ғылым кандидаттары мен докторларын даярлады, отандық және шетелдік патенттермен қорғалған теңдесі жоқ параллель манипуляторлардың жаңа түрлерін жасады. Яғни, академик Жолдасбеков еңбектері – параллель роботтардың қайнар бүлағы.


          Бұл күндері Өмірбек ағаның ғылыми мектебі өзі көп жылдар бойы ректорлық қызмет атқарып, еңселі қабырғасын көтерген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жалғасын табуда. Университетте «Сандық технологиялар және робототехника» ғылыми-білім беру орталығы ашылып, «Робототехника жүйелері» мамандығы бойынша бакалавриат, магистратура, докторантурада көптеген студенттер дәріс алуда, Ұстаз жолын жалғастыруда. Ғылыми-білім беру орталығының негізгі ғылыми бағдарламасы – параллель роботтарды зерттеу және оларды RoboMech класты параллель манипуляторларда, жасалып жатқан «Ai-Gerim» әлеуметтік гуманоид роботында, интелектуалды электрлі көліктерде қолдану.


Уақыт өткен сайын Ұлы Ғалымның, Ұлы Ұстаздың асыл тұлғасы айқын көріне бермек, ерен еңбегі жалғаса бермек.


 

ҚР ҰҒА және ҰИА академигі,


әл-Фараби атындағы


Қазақ ҰУ «Сандық технологиялар


және робототехника» орталығының


директоры Жұмаділ Байғұншеков


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x