Арыста 8-сектордың жұмысын аяқтаған мақтааралдықтар ас берді

Dalanews 03 қыр. 2019 04:18 261

Арыс қаласындағы тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарды қалпына келтіру, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу ісі бойынша Мақтаарал ауданы мен Шығыс Қазақстан облысына бөлінген 8-секторда негізгі құрылыс жұмыстар толығымен аяқталды.

Секторға қарасты 527 үйге қайта жөндеу жұмыстары жасалып, 5 үй толық қайтадан құрылды. Ол үшін Шығыс Қазақстан облысынан келген 10 құрылыс компаниясының 300-ден астам құрылысшысы мен 10-ға жуық техникасы жұмылдырылып, аз ғана уақыттың ішінде қыруар жұмыс атқарылды.

Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан уақытта көмек қолын созып, азық-түлік, киім-кешек пен медициналық дәрі-дәрмектер, гигиеналық заттарға дейін жеткізіп беріп, қираған баспаналарын қалпына келтіруге көмектескені үшін және  секторды күл-қоқыстан тазартуда қыруар жұмыстар атқарған мақтааралдықтарға Арыс қаласының 8-сектор тұрғындарының айтар алғысы шексіз.

Күні кеше «Арыс Холл» мейрамханасында мақтааралдықтар біткен баспаналарды иелеріне тапсырып, сектор тұрғындары мен құрылысшыларға арнап ас берді. Ақ дастархан басында ақ тілектер айтылып, ізгі ниеттер ақтарылды.

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов қаланы қалпына келтіру ісінде өнеге көрсетіп, еңбегі еленген бірқатар азаматтарды өзінің және аудандық мәслихат хатшысының, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасы орынбасарының алғыс хаттарымен марапаттап, бағалы сыйлықтарды табыс етті.



Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x