Шығыста тасқыннан зардап шеккендер жақын арада баспаналы болады

Dalanews 01 сәу. 2018 09:21 253

Аягөз, Глубокое және Шемонайха аудандарындағы су тасқыны салдарынан үйсіз қалған тұрғындар тезірек жаңа баспанаға қол жеткізуі тиіс. Облыстық әкімдікте өткен селекторлық жиын барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов құзырлы мекемелерге осындай міндет жүктеді. 

Глубокоеге 60 миллион теңге бөлінбек

Жиын барысында аудан-қала басшылары өңірлерде қалыптасқан жағдаймен таныстырып, су басқан елді мекендердегі апат салдарын жою жұмыстары туралы баяндады. Мәселен, соңғы бірнеше күн бойы жауған жаңбырдың соңы Өскемен мен Риддер қалаларында, сондай-ақ Глубокое, Шемонайха, Катонқарағай, Зырян аудандарында су тасқынына ұласып, нәтижесінде бірқатар елді мекен халқы қауіпсіз жерге көшірілген. Соңғы мәліметке сүйенсек, облыс бойынша 481 жеке тұрғын үйдің иелері қызыл су зардабын тартқан. Бұл апат әсіресе Глубокое ауданының халқына ауыр тиді. Мұндағы Белоусовка, Предгорное және Прогресс сияқты елді мекендердің тұрғындары қиналып қалды. Аудан бойынша 175 тұрғын үйді су басып, 565 адам қауіпсіз жерге көшірілген екен. Селекторлық жиын алдында Прогресс ауылында арнайы барып қайтқан облыс әкімі жергілікті тұрғындармен кездесіп, табиғи апаттан зардап шеккендерге міндетті түрде көмек көрсетілетінін жеткізді.

– Жаңа ғана Глубокое ауданынан келдім. Рас, ондағы жағдай мәз емес. Дегенмен, жергілікті халық сабырлық танытуда. Сол үшін жерлестеріме алғыс айтамын. Қалай болғанда да, біз оларды қолдаусыз қалдырмаймыз. Зардап шеккендерге мектептен уақытша тұратын орындар бөлінді. Прогрестіктерге бірнеше күннің ішінде келтірілген шығын мөлшері анықталып, үйлері тұруға жарамсыз болып қалғандарына жаңа баспана берілетінін жеткіздім. Қажет жағдайда, бұл мақсатқа Белоусовкадағы 50 пәтерлі үйден баспана бөлетін боламыз. Бұған қоса, баспана мәселесін тез арада шешу үшін Глубокое ауданына облыстық бюджеттен 60 миллион теңге бөлінбек, – деген облыс әкімі табиғаттың тосын мінезіне тап болған глубокоелықтардың азық-түлік, киім-кешек сияқты тұрмыстық қажеттіліктеріне қосымша 10 миллион теңге бағытталғанын да атап өтті.

Аймақ басшысы атап көрсеткендей, дәл осындай жұмыстар Шемонайха ауданында да жүргізілетін болады. Аталмыш ауданда су тасқынынан 42 үй зардап шеккен. Ал Өскемен қаласында 15 үй су астында қалған. Қазір қызыл су әлегін тартқан тұрғындардың үйлері мен қора-қопсыларын мұз кесектері мен тоң батпақтан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жағдай біртіндеп қалпына келе бастағандай. Дегенмен, жиында облыс әкімі кейбір үйлер тұруға жарамсыз болып қалғанын айтып, құзырлы мекемелер басшыларына далада қалған тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін тезірек шешуді тапсырды.

 

Қайырымдылық қорлары құрылады

– Аягөз қаласында үй кезегінде тұрған әлі 19 отбасы бар екен. Бұл адамдар көп кешіктірмей баспаналы болуы керек. Аудан басшысы Бақытжан Байахметовке үш күннің ішінде бұл мәселені шешуді тапсырамын. Сонымен қатар шаһардағы су тасқынынан зардап шеккен тағы 109 үйді жөндеу жұмыстарын бастау қажет. Бұл жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзір. Сондықтан іске кірісу керек. Дәл осындай жұмыс Шемонайха және Глубокое аудандарында да жүргізілуі тиіс. Жер-жерде комиссиялар құрылды, шығын мөлшері анықталуда. Алайда жергілікті әкімдер құжаттар дайын болған кезді күтіп, қол қусырып отыра бермей, қазірден бастап сол елді мекендерде сатылымға шығарылған тұрғын үйлерді сатып алу жағын ойластыра беруі қажет. Қазіргі басты мақсатымыз – мектептер мен туыстарын паналап отырған жерлестерімізді үймен қамтамасыз ету, – деген облыс әкімі сонымен қатар Катонқарағай ауданының әкіміне де Үлкен Нарында қарғын судан бүлінген үш үйдің иелеріне тезірек жаңа баспана тауып беруді жүктеді.

Аймақ басшысы сондай-ақ алдағы уақытта Шығыс Қазақстанда тиісті қайырымдылық қорлары құрылып, оларға облыстық қазынадан қомақты қаражат бөлінетінін жеткізді.

– Аудандардағы қалпына келтіруге болатын үйлерді жөндейтін боламыз. Бұл үшін Өскеменнен құрылысшыларды шақыртамыз. Тағы бір мәселе, арықтарды тазалауға қатысты. Бүгін Прогресс сияқты елді мекендерге әскерилер жіберіліп, ауылдағы арықтарды тазалау жұмыстарына тартылуда. Бірақ болашақта мұндай іс-шараларды жергілікті тұрғындардың өздері жүргізуі тиіс. Осыны ауыл-аймақтағы ағайынға түсіндіріп айтыңыздар, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Жиын барысында сонымен қатар, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің техникалық базасын жетілдіру мақсатында жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлінетіні белгілі болды. Аймақ басшысының айтуынша, аталмыш департамент республикалық бюджеттен қаржыландырылатынына қарамастан, облыс басшылығы құтқарушыларға 289 миллион теңге бөлген екен. Алдағы уақытта бұл соманың мөлшері ұлғаятын болады.

 

Нұржан Кенжеұлы

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x