Оңтүстіктегі ауылдың 73 пайызы ауыз сумен қамтылған

Dalanews 09 қаз. 2017 15:23 214

Оңтүстік Қазақстан облысындағы 836 ауылдық елді мекен халқының  73 пайызы ауыз сумен толық қамтылған. Сондай-ақ, қалалық елді мекеннің 93,1 пайыз жұрты  орталықтандырылған су жүйелеріне қол жеткізген. Бүгін бұл туралы облыс әкімдігінде өткен селекторлық отырыста облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марғұлан Марайым мәлім етті.



Облыс елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында  «Өңірлерді дамытудың – 2020 жылға дейінгі» бағдарламасын аясында  ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін қала тұрғындарының 97 пайызын, ауылдық елдімекен халқының 62 пайызын орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз ету жоспарланған. Осы бағытта,  2011-2016 жылдары 73,9 млрд.теңгеге  268 нысанның құрылысы жүргізіліп, 178 елді мекендегі 469 мың адам жаңа орталықтандырылған су жүйелерімен қамтылған.

– Халықты ауыз сумен қамту бойынша біздің облыстың көрсеткіші  республикада қалалар бойынша 92,9 пайыз, елді мекендер бойынша 55,6 пайызды құрайды. Оңтүстік Қазақстан облысы республика бойынша қалаларда 9 орынға, ауылдық елді мекендерде 4 орынға орналасып, бағдаламадағы 2020 жылға межеленген көрсеткіш мерзімінен бұрын, артығымен орындалып отыр, – деді басқарма басшысы Марғұлан Марайым.

Ал, биылғы жылы өңірде республикалық және облыстық бюджет есебінен  4,7 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлініп, 25 елді мекенде құрылыс жұмыстары  жүргізілуде.   Соның ішінде 5 елді мекен халқы  жаңа ауыз су құбырларымен қамтылса, 3 елді мекендегі тозығы жеткен ауыз су жүйелері жаңартылатын болады.  Қалған 17 елді мекендегі  құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқталады деп күтілуде.

Атқарылған жұмыстарға қаныққан өңір басшысы ауыз сумен қамту мақсатындағы жұмыстарды жүйелеп, бөлінген қаржылардың мақсатты жұмсалуына мән беруді тапсырды.

– Біздің  мақсатымыз - халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету. Республика бойынша елді мекендерді ауыз сумен қамтуда  4-ші орында тұрмыз деп  тоқмейілсуге болмайды.  Облыс көлемінде ауыз сумен қамтылуы жағынан ең төменгі көрсеткіш Арыс қаласы мен Сарыағаш, Шардара аудандарында орын алып отыр. Осы олқылықтардың орнын толтыру қажет. Ауыз сумен қамту мақсатындағы жұмыстарды тиісті сала басшыларына жүйелеуді тапсырамын, – деді Ж. Түймебаев.

Жиында сондай-ақ төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басшысы Н. Дербісовтің баяндамасы тыңдалды. Осы ретте су тасқынына қарсы қорғаныс дамбалары мен су қоймаларының құрылысына қатысты бірқатар ескерпелер берілді. Сондай-ақ облыс аумағындағы республикалық, облыстық және аудан ішілік маңызы бар автомобиль жолдарында 2017-2018 жылғы қыс мезгілінде көлік қатынасының үзілмеуін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Селекторлық отырыста «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы мен облыстағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің топырақ құнарлығын арттыру, ауыл шаруашылығы алқаптарының және үй іргелік жерлерінің игерілуі барысы да талқыланып, сала басшыларына тиістітапсырмалар берілді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x