Мақтарал ауданында бастауыш сынып оқушыларының 75%-ы демалыспен қамтылды

Dalanews 30 там. 2017 06:38 296

Мақтарал ауданында "Қазақстанның жаңғыруы 3.0 - білімнің үлесі" атты педагогикалық қызметкерлердің тамыз конференциясы болып өтті. Жиынға аудан әкімі Ғ.Исмаилов, аудан әкімінің орынбасары М.Жолдасбеков, облыстық Білім басқармасының әдістемелік кабинетінің басшысы Н.Қалиева, аудандық "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Ә.Байдуллаев қатысты.



Аудандық Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Серік Төребеков 2016-2017 оқу жылының көрсеткіштері бойынша баяндама жасады. "Бүгінгі таңда Мақтарал аудандық Білім бөліміне қарасты 124 мектеп жұмыс істейді. Оның 121-і жалпы, 3-уі негізгі орта мектептер. Осы білім ошақтарында 75 мыңнан астам оқушы тәрбиеленуде. Сондай-ақ, саз мектептері, мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты, балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында 2146 оқушы қосымша білім алуда. 9255 педагог оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізуде" - деді С.Төребеков.

Жалпы, аудандық Білім бөлімінің мәліметі бойынша деректерді келтіретін болсақ, ауданда 2007 жылы 118 мектептің 50-і (42,4 %) типтік ғимараттарда орналасқан болса, бүгінгі таңда типтік үлгідегі ғимаратта орналасқан мектептер саны 97-ге (72,2 %) жетіп отыр. Аудан әкімі Ғ.Исмаиловтың тікелей қадағалауымен биыл мектептердің қысқы маусымға дайындық жұмыстары кең ауқымда жүрзіліп жатыр. Мәселен, әкімнің 2017 жылғы 13 маусымдағы "Коммуналдық меншік болып табылатын жалпы орта білім беру ұйымдарының жылыту қазандықтары мен жылу жүйелерін уақытша сенімгерлік басқаруға беру туралы" №534 қаулсы негізінде барлық мектепте гидравикалық сығымдау жүргізіп, анықталған ақауларды қалыпқа келтіру жұмыстары, ақау анықталмаған мектептерге төлқұжат дайындау жұмыстары жасалған. Мектептердің жылыту қазандықтарын табиғи газға ауыстыруға және тозығы жеткен қазандықтарды ауыстыруға жергілікті бюджет есебінен 186 млн 662 мың теңге бөлінді.

Биыл 11 сыныпты бітірген 4172 оқушының 2648-і ҰБТ-ға қатысуға өтініш беріп, оның 2646-ы қатысты. Ауданның орташа көрсеткіші 70,5 балл болып, өткен жылдан 6,48 балға төмендеген. 70 мектептен 318 оқушы 100 және одан да көп балл жинаған. Ең жоғары көрсеткішті 136 баллмен Б.Момышұлы гимназия мектебінің оқушысы Жақсыбай Абдуғани көрсеткен.



Жаңа оқу жылында 2,5,7 сыныптарды оқулықтар және оқу-әдістемелік кешендермен 100% қамтамасыз ету үшін 453 миллион 587,1 мың теңге қаржы жоспарланған, жергілікті бюджеттен оқулықтарға 280 миллион теңге, аудандық мәслихаттың 2017 жылғы 11 маусымдағы шешімімен қосымша 40 миллион теңге, жалпы 320 миллион теңге қаржы қаралды.

Мақтарал ауданында 2016-2017 оқу жылында 1-4 сыныпты бітірген 28 775 оқушының 75%-ы мектеп жанындағы лагерьлерге жіберілсе, 1-10 сыныптан 280 оқушы "Толағай", "Еркежн" балалар жазғы сауықтыру лагерьлерінде жазғы демалыспен қамтылды. Бұдан басқа, оқу жылында 374 оқушы "Тау самалы" оқу-сауықтыру орталығына, 2 оқушы Көкшетаудағы "Балдәурен" сауықтыру орталығына демалысқа жіберілген.

Аудандық Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы С.Төребековтың баяндамасынан соң сөз жарысқа шыққан Б.Момышұлы мектеп гимназиясының директоры Ө.Қозыбақ өзінің жетістікке жету тәжірибесімен бөлісті. Гимназия биыл да облыста көш бастап,  40 алтын белгі, 17 үздік аттестатты шығарып отыр. Шәкірттерінің барлығы дерлік мемлекеттік грант иегері атанды. Сондай-ақ, облыстық Білім басқармасының әдістемелік кабинетінің басшысы Н.Қалиева сөз жарысқа шығып, биылғы оқу жылындағы білім саласындағы өзгерістер туралы аудан мұғалімдерін хабардар етті.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Ғ.Исмаилов: "Білім беру саласы - ел дамуындағы ең маңызды салалардың бірі. Өйткені, келешек маман, болашақ ел басқаратын азаматтар - ең алғашқы білімін мектеп қабырғасында жүріп алады. Биылғы жылдың өзінде Мақтарал ауданында 3 мектеп пайдалануға тапсырылады, тағы құрылысы жүріп жатқан 5 мектеп келесі оқу жылында іске қосылады. Мектептердің материялдық-техникалық жабдықталуына 2017 жылы 450 миллион теңге қаржы, оның ішінде партаға 84 миллион, мультимедиа кабинетіне - 163 миллион, робототехникаға - 115 миллион теңге бөлініп отыр. Бұдан басқа жылыту маусымына, оқулықтарға қаншама қаржы қаралуда. Ендеше, барша ұстаздарға жаңа оқу жылын жаңа қадамдармен, жасампаздықпен бастай беруіне тілектестігімді білдіремін!" - деді.

Конференцияның соңында белсенді мектеп директорлары мен ұстаздар қауымы аудан әкімінің, облыстық білім басқармасы басшысының атынан алғыс хаттар мен мадақтамалар алды. Тамыз кеңесінен шабыт алған мақтаралдық білім саласының қызметкерлері осылайша жаңа оқу жылына үлкен қарқынмен қадам жасады.

 

 

Мақтарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x