Қатын Баянды жырлағанша, батыр Баянды жырлайық

Dalanews 10 ақп. 2017 09:50 256

Баян деген кім еді? Батыр Баянды айтамын. Ол қазақ халқының қадірлі ұлы, атақты батыры болған. Ұлтының қорғаны бола жүріп, талай мәрте елімізге көз алартқан дұшпанды жермен жексен еткен. Сол себепті де үш жүздің жүрегінде қалған Абылай ханның аламаны атанған. Оның жасаған ерлігі, еліне қорған болған батырлығы шығармаларға арқау да болды. Тіпті, Мағжан Жұмабаев батыр Баян жайлы арнайы поэма жазды. Аталмыш поэманың желісінде бар қазақ сүйіп көретін көркем фильм де түсірілді.

Тарихи деректерде Баян жоңғар шапқыншылығына қарсы  күрескен қазақ батырларының ішіндегі шоқтығы биік болып көрсетіледі. Батыр Баян жөнінде деректерді Мағжан Жұмабаевның поэмасынан бөлек жыраулар поэзиясынан және Шоқан Уәлихановтың еңбектерінен кездестіруге болады.

Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде батыр Баянның Абылай ханмен бірге Қытайға қарсы соғысқа қатысқаны жайлы деректер бар. Қытайлармен шайқаста Абылай қолы шегінуге мәжбүр болғанда қалың әскердің шегінуіне мүмкіндік жасап, Баянның қолы қытайлармен айқасқа түседі. Бұл шайқаста Баян өзінің тапқырлығымен, ержүректілігімен, найзагерлігімен көзге түсіп, хан әскерін құтқарады. Жыраулар поэзиясында қазақ батырлары мен олардың   елдік жолындағы ерліктері кеңінен толғанады. Үмбетей жыраудың «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» атты толғауында:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Сары, Баян мен Сағынбай,

Қырмап па еді жауыңды,

Қуантпап па еді қауымды, – деген жолдар бар.

Бұл толғаудан батыр Баянның Абылай ханның тірегінің бірі болғанын байқаймыз. Ол батырлығымен, тапқырлығымен Абылай ханның ерекше құрметіне бөленген,  туған елі мен жерін қорғап, халықтың батыр Баяны атанған.

Азиз Батырбеков, 


Дереккөз: osken-onir.kz


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x