Сынай беріңдер, бірақ жеке басыма тиіспеңдер

Dalanews 28 қар. 2016 08:05 233

Астана атауына Елбасының есімін беруді ұсынған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов әлеуметтік желідегі сынға жауап қатты.

Депутат әлеуметтік желіні қолданушылардың кейбір жазбасы намысына тигенін айтты деп хабарлады Tengrinews.kz.

«Құдай үшін, бұл әркімнің еркі… Намысыма неге тимейді? Тиеді, әрине. Бастысы, саяси мәдениеттің болғаны. Мені сынай берсін, бірақ жеке басыма тиіспесін, қандай да бір идеясы немесе ұсынысы мен айтқанына қарап, ол адамның ар-намысына тиісуге болмайды. Келіспеуге болады, әрине. Бірақ адамды білмей тұрып, ол туралы аузына келгенін айтуға болмайды. Бұл бізде саяси мәдениеттің жеткіліксіздігін білдіреді», — деді Қуаныш Сұлтанов „ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл: Қорытындылар. Жетістіктер„ атты халықаралық конференция кезінде журналистердің сұрағына берген дәліздегі жауабында.

Сондай-ақ депутат оның ұсынысының Парламент беделіне нұқсан келтірді деп санамайсыз ба деген тілші сауалына да жауап берді.

«Бір топ депутат 25 жыл бойына қол жеткізген жетістіктерімізді қамтитын декларацияны қабылдау туралы ұсыныс тастадық. Декаларацияны ешкім сынап-мінеп жатқан жоқ, тек сынға қалғаны — менің ұсынысым», — деді Қуаныш Сұлтанов.

Еске сала кетелік, алдында депутат Қуаныш Сұлтанов Астанаға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру керек деп ортаға ұсыныс тастаған болатын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x