Эльмира Сыздықова — тұңғыш жүлдегер балуан қыз

Dalanews 18 там. 2016 02:42 232

Рио Қазақстан үшін тұңғыштар олимпиадасы болып тұр. Күні кеше ауыр атлет Жазира Жапарқұл 69 келіде күміс медаль иеленіп, қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш олимпиада жүлдегері атанып еді. Кеше түнде Эльмира Сыздықова əйелдер күресінен 69 келіде қоладан олжа салып, қазақ қыздары арасынан күрестен жүлдегер атанған тұңғыш балуан болып тарихқа енді деп хабарлайды statsport.kz сайты.
Эльмира олимпиаданың беташар белдесуінде Наталья Воробьевадан (Ресей) ұтылды. Əрине,бірден олимпиада чемпионына тап келу оңай емес. Воробьева финалға шыққасын, Сыздықова жұбаныш белдесуінде бақ сынауға мүмкіндік алды. Насанбурнаа Очирбатты (Моңғолия) жеңіп, ол қола жүлде үшін мысырлық Енас Мұстафа Юссеф Ахмедпен белдесті. Əуелі 1 ұпай беріп қойып, І кезең аяқталар тұсында Эльмира қарсыласын жамбасқа алды — 4:1. ІІ кезең басында Ахмед есепті теңестіргенде де қаракөз қыз босаңсыған жоқ. Ахмедтің əдісін өзіне қарсы қолданып ту сыртына шығып кетіп, астына басып үлгерді де, тағы 3 ұпай олжалады. Сөйтіп, Сыздықова төреші ысқырығын жеңімпаз ретінде естіді.
Эльмира Сыздықова — əйелдер күресінен Қазақстанға жүлде əкелген үшінші балуан қыз. Оған дейін Елена Шалыгина (2008) жəне Гүзел Манюрова (2012) олимпиадалардың қола жүлдесін жеңіп алды.
Кеше боксшы Дариға Шəкімова да (75 келі) жартылай финалға шықты. Қандай медаль алса да, ол олимпиада жүлдегері қатарына кірген тұңғыш боксшы қазақ қызы болмақ.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x